Accessibility links

Азаттықтың Орталық Азия қызметтері құрылғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған медиафорум басталды


Азат Еуропа/Азаттық радиосының Орталық Азия аймағы бойынша директор Хамид Исмаилов Азаттық медиафорумында сөйлеп тұр. Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының Орталық Азия аймағы бойынша директор Хамид Исмаилов Азаттық медиафорумында сөйлеп тұр. Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.

Алматыда Азаттық радиосы Орталық Азия редакцияларының ашылғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған медиафорум өтіп жатыр. Оған ондаған адам жиналды.

Форум Азаттықтың YouTube, Facebook парақшаларынан тікелей эфирден көрсетілді.

АЕ/АР президенті міндетін атқарушы Джеф Гедмин форум қонақтарына бағыттаған видеомәлімдемесінде Орталық Азия аумағындағы тәуелсіз журналистиканың маңыздылығын атап өтті.

Оның сөзінше, Орталық Азия аумағы мен постсоветтік кеңістік, кейбір дамыған елдер (бәлкім, бұрын-соңды болмаған дәрежеде - Д.Г.) демократия, либерализм, сөз бостандығы мен тәуелсіз БАҚ-қа шабуыл мен қоқан-лоқыға кезігіп отыр. Ол Украинада жалғасып жатқан соғыстың құрбандарын еске салды.

"Ресей басқыншылығынан зардап шеккендермен үмітіміз, ойымыз бен дұғамыз бір" деді Гедмин. Ол Батыстың кейбір бөлігінде "авторитаризм екпіні өрістеп, либерал-демократиялық тәртіп нормаларына күмән келтіру" байқалғанын айтып өтті.

Қазіргі кезде Азаттық радиосының Қазақстанда, Қырғыз республикасында және Тәжікстанда (Озоди радиосы) бюролары бар. Сондай-ақ Өзбекстан (Озодлик радиосы) мен Түркіменстандағы (Азатлык радиосы) аудиториясына да ақпарат тарататын редакциялары жұмыс істейді.

Азаттық медиафорумы бір күн бойы өтеді және бірнеше панельдік талқылау мен таныстырылым болады. Онда радионың өкілдері мен арнайы шақырылған спикерлер аймақтағы баспасөз еркіндігінің жай-күйін талқылайды, сонымен қатар азаматтық бостандыққа әсер ететін факторлар және Орталық Азиядағы демократияның дамуы туралы пікір алмасады. Форум барысында редакция өкілдері журналистік зерттеу, төтенше оқиға орнынан ақпарат тарату, сайт бұғатталған жағдайда оқырманмен байланыс орнату тәжірибелерін де бөліседі.

Медиафорум жайлы толық мәліметпен арнайы парақшадан таныса аласыз.

  • Азат Еуропа/Азаттық радиосы – АҚШ Конгрессінің грантына қаржыландырылатын америкалық тәуелсіз медиакорпорация. Компания сөз еркіндігі шектелген 23 елге 27 тілде хабар таратады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG