Accessibility links

Құқық қорғаушылар Әйгерім Тілеужанды саяси тұтқын деп таныды


Әйгерім Тілеужан.
Әйгерім Тілеужан.

Құқық қорғаушылар "Алматы әуежайын басып алу ісі" бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылған белсенді Әйгерім Тілеужанды саяси тұтқын деп таныды. Құқық қорғаушылардың сараптамалық кеңесінің шешімі туралы 13 қыркүйекте "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина хабарлады.

"Белсенді, журналист, кәсіби аудармашы Әйгерім Тілеужан өзінің азаматтық ұстанымы үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған. Оған айыппұл салынып, қамалдған. Арон Атабекті еске алу рәсіміне қатысқаны үшін қамалған Әйгерім Тілеужан 2022 жылдың 5 қаңтарында кешке арнайы қабылдау орнынан босатылып, Жаңаөзен қаласын қолдап, митингіге шыққандарды қолдау үшін Республика алаңына бет алған. Келесі күні ҰҚШҰ күштерінінің елге кіргізілетіні туралы ақпараттан кейін ол алаңға қайта келген. Ресейден әскердің келгеніне көз жеткізу үшін белсенділермен бірге әуежайға барған. Әскердің келмегеніне көз жеткізген соң қайтып кеткен. Сол үшін оған "жаппай тәртіпсіздік" бойынша қылмыстық іс қозғалып, 11 шілде күнгі үкіммен кінәлі деп танылды"деп жазылған хабарламада.

Іс бойынша айыптау қорытындысында Әйгерім Тілеужан Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайында наразы топтың алдында "билікке қарсы сөздер айтып, оларды заңсыз іс-әрекетке айдап салып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған" деп көрсетілген. Тілеужан айыппен де, кейін үкіммен де келіспеген. Шілде айында үкімнен кейін Әйгерім Тілеужан өзін кінәсіз деп санайтынын, сондықтан "ешкімнің алдында басын иіп, тізесін бүкпейтінін" айтқан. Бұған дейін қорғау тарабы істе "Әйгерім Тілеужанның кінәсін дәлелдейтін ешқандай айғақ көрсетілмеді" деп мәлімдеген еді.

Бұл іс бойынша апелляциялық сот 19 қыркүйекте өтеді.

"Алматы әуежайын басып алу ісі" бойынша Әйгерім Тілеужаннан бөлек тағы төрт адам сотталған. Сот олардың әрқайсысына 8 жыл түрме кесті.

Елде соңғы рет "саяси тұтқындар" тізімі 1 шілдеде жаңарған. Ол кезде тізімге жеті адам қосылған еді. Арасында тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев, қазір Талдықорғандағы изоляторда аштық жариялап жатқан Думан Мұхаммедкәрім, тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG