Accessibility links

АҚШ: Солтүстік Корея мен Ресейдің келіссөзі "қауіпті"


Ресей және Солтүстік Корея басшылары.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэтью Миллер сәрсенбі күні Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери әріптестік БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюцияларына қайшы деп мәлімдеді. Егер олар қару-жарақ саудасы бойынша келісімге келсе, Байден әкімшілігі Ресей мен Солтүстік Кореяға қосымша санкция салады деді ол.

"Біз Солтүстік Корея мен Ресей арасында қару-жарақ саудасында делдал болған ұйымдарға санкция салу бойынша бірқатар шара қабылдадық. Егер қажет болса, қосымша санкция саламыз" деді АҚШ сыртқы істер ведомствосының өкілі.

Оның сөзінше, Вашингтон Ресей мен Солтүстік Кореяның әріптестікті кеңейту ниетіне алаңдап отыр, себебі бұл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюцияларына қайшы болуы ықтимал.

13 қыркүйекте Амур облысындағы "Восточный" айлағында Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын арасында 4 сағат бойы келіссөз өткен.

Онда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу мен Пекин Солтүстік Кореяға қарсы салған санкциялардың бәрін алып тастайды деп мәлімдеген. Себебі ол "басқа геосаяси жағдайда қабылданған" деген.

Солтүстік Кореяға ядролық және зымыран бағдарламасын дамытқаны үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі санкция салған. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Қытай мен Ресей де мүше.

13 қыркүйекте Ким Чен Ын Мәскеумен қарым-қатынасты дамытқысы келетінін мәлімдеп, Путиннің шешімдерін әрдайым қолдаймын деген.

Солтүстік Корея Сириядан кейін Мәскеудің Украинаға басқыншылығын ашық қолдаған екінші ел.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG