Accessibility links

Қаржы мониторинг агенттігі: Қайрат Боранбаев құны 120 млрд теңге болатын активті мемлекетке қайтарды


Кәсіпкер Қайрат Боранбаев
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев

Қаржы мониторинг агентігі (ҚМА) кәсіпкер Қайрат Боранбаев құны 120 млрд теңге болатын активін мемлекетке қайтарғанын мәлімдеді.

Экс-президенттің қызының бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев биыл сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденді деген айыппен кінәлі танылып, 8 жыл түрме жазасын алған. ҚМА хабарламасында, қазір Боранбаевқа тағылған басқа айып (қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатқаны айтылған.

"Тергеу шеңберінде жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активті, оның ішінде: мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды. Сонымен бірге Қайрат Боранбаев білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды" деп жазылған хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, бұл нысандардың барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына беріледі, ал қаражат білім беру инфрақұрылымдарын жақсартуға пайдаланылмақ.

"Бұған дейін Қайрат Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру эпизоды бойынша тергеу аясында 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтеген. Агенттік заңсыз активтерді іздеу және қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатыр" деп жазылған хабарламада.

Биыл тамызда жергілікті БАҚ Боранбаевтың адвокатына сүйене отырып, кәсіпкер тергеу органдарымен процессуалдық келісім жасауға келіскенін, бас бостандықтан айырылу жазасының орнына кінәні мойындап, шығынды өтеуге келіскенін жазған.

Қайрат Боранбаевқа байланысты сот отырысы былтыр 30 желтоқсанда басталған. Ол кезде "АзияГазШонжы" компаниясының сұйытылған газды сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге қаражаттың жымқырылуы бойынша эпизод қаралған. Осы компанияның құрылтайшысы Қайрат Боранбаевқа "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденді" және "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқыруға атсалысты" деген айып тағылған. Осы іс бойынша өзге сотталушы Роман Наханов пен Тайыр Жанұзақ та 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевқа шыққан сот үкімінің күшін жойды. 29 маусымда Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевпен бірге сотталған Тайыр Жанұзақ пен Роман Нахановтың да үкімін өзгертіп, қайта қарау туралы шешім шығарды. Сот қаулысына сәйкес, үкімнің күшін жоюға Ресей газының бағасы көрсетілген құжаттың түпнұсқасының болмауы себеп болған. Алаяқтық схеманы дәлелдейтін айғақтар да болмағаны жазылған.

Forbes басылымы Боранбаевты Қазақстандағы ең ықпалды бес кәсіпкердің қатарына жатқызған. Ол елдегі "Есентай молл", "РитсКарлтон", "РахатПалас", "Алмалы" сынды қонақ үй, сауда орталықтарына толық және жартылай иелік еткен. Шетелде де жылжымайтын мүліктері бар.

XS
SM
MD
LG