Accessibility links

"Атуға бұйрық бергендер жазалансын!" Қаңтарда қаза болғандардың туыстары жақындарының өлімін тергеуді талап етті


Шымкентте Қаңтар кезінде қаза болғандардың туыстары премьер-министрдің азаматтарды қабылдау орталығы алдында тұр. Астана, 15 қыркүйек 2023 жыл.
Шымкентте Қаңтар кезінде қаза болғандардың туыстары премьер-министрдің азаматтарды қабылдау орталығы алдында тұр. Астана, 15 қыркүйек 2023 жыл.

Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың туысы – он шақты адам 15 қыркүйекте премьер-министрдің азаматтарды қабылдау орталығына барып, жақындарының өлімін тергеуді талап етіп хат тапсырды. Олардың айтуынша, адам өліміне қатысты істер жабылып қалған.

– Полиция қызметкерлері заңға сәйкес қару қолданды деп, бұл жерде заңға қайшы нәрсе жоқ деп ісімізді жауып тастап отыр. Жалғыз менің балам емес, 20 балаға қатысты істі жауып, архивке өткізіп жіберген. Тоқтаған іс қайта ашылсын, атуға бұйрық берген адамдар мен атқан полиция қызметкерлі жауапқа тартылсын. Заң аясында! – деді Қаңтарда қаза болған Нұрболат Алпамыстың әкесі Мұрат Әбдірайым.

Шымкенттен Астанаға "әділдік талап етіп келген" ата-аналардың бірі, марқұм Бағлан Шәріпбайдың анасы Әйкен Дулатбаева билікке "өкпеміз қара қазандай" деді.

– Алдымызға келіп кешірім де сұрамады. Бізде өкпе, наразылық көп. Уақыт өте келе бізді мазаққа айналдырғандықтан жететін жерімізге жеттік. Кінәлілер жазалансын, моральдық-материалдық шығын төленсін, – деді Әйкен Дулатбаева.

Жұма күні олар премьер-министрдің азаматтарды қабылдау орталығына барып, марқұмдар ісін қайта ашуды талап етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазылған арыз тапсырды. Бір күн бұрын олар осыған ұқсас хатты бас прокуратураға апарып берген. Әзірге билік өкілдері олардың талаптарына қатысты реакция білдірмеді.

15 қыркүйекте олар премьер-министрдің азаматтарды қабылдау орталығына хат тапсырып жатқан кезде екі полиция қызметкері оқиғаны сырттай бақылап тұрды.

Шымкенттік ата-аналар Астанаға 13 қыркүйекте келген. Олар "нақты жауап алмай, ешқайда кетпейтінін" айтып отыр.

Қазір Астанада Таразда Қаңтар кезінде қаза болғандардың туыстары да жүр. Олар да Қаңтарда оқ тиіп өлген, кейін түрлі айыппен сотталған марқұмдарды толық ақтауды, туыстарына өтемақы төлеуді талап етіп жүр.

Былтыр Қазақстанның әр өңірінде бейбіт басталып, арты қантөгіске ұласқан Қаңтар оқиғасы кезінде туыстары оққа ұшып, қаза тапқан әрі қамалған тұрғындар әділдік іздеп Астанаға жиі жиналады. Олар президент Тоқаевтан бастап, үкімет пен құзырлы орган басшыларымен кездесуді талап етіп жүр.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, кемінде 238 адам өлген Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың басым бөлігінің өліміне қатысты істер тоқтап қалған. Қаза болғандардың кейбірі сырттай сотталған. Марқұмдардың туыстары "Қаңтар шындығы ашылмады, билік ақиқаттың ашылуына мүдделі болмай отыр" дейді.

Азаттық жазда бас прокуратураға хат жолдап, Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан қанша азамат жауапқа тартылғанын, олардың қаншасы ақталғанын сұраған. Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті "Ведомство 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына байланысты жеке есеп жүргізбейді" деп жауап берген.

Азаттықта Қаңтар қырғыны кезінде қаза тауып, кейін сотталған 12 азамат туралы дерек бар. Олардың алтауы – Тараздан, төртеуі – Алматыдан. 2023 жылғы 8 тамызда Тараздың апелляция соты қайтыс болғаннан кейін сотталған азаматтардың бірін ақтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG