Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуіне келген азаматтық белсенділер әкімге сұрақ қою мүмкіндігі берілмегендігіне шағымданды. Досаевтың халықпен кезекті кездесуі 14 қыркүйекте өткен.
"Ол маған және өзге белсенділерге сұрақ қоюға әдейі рұқсат бермеді. Оған жақындағанымда кетіп қалды. Біз АЭС салу мәселесіне қатысты президент Тоқаев айтқан референдум бойынша митинг өткізуге әкім Досаев неге келіспегенін анықтамақ болдық. "Митинг бойынша хабарламамызды неге мақұлдаған жоқсыз?" деген сұрақты айқайлап қоюыма тура келді. Бірнеше минуттан кейін ол қарамағындағы қызметкерлермен бірге залдан асығып шығып кетті" деді белсенді Мадина Көкетаева.
Белсенді жиынға “сайлау мен референдумда берген дауыстарды электронды түрде екі рет санауды енгізу қажет” деген жазуы бар жейдемен келген.
7 қыркүйекте Алматыда өткен Досаевпен кездесу кезінде де белсенділер Айна Бузик пен Мадина Көкетаева әкімге АЭС бойынша митинг өткізу туралы сұрақ қойғысы келген. Алайда ол кезде де белсенділер сұрақ қоя алмаған. Айна Бузиктің айтуынша, сол күні ғимараттың дәретханасынан шыққан кезде жәй киім киген белгісіз екі ер адам өзін көлікке отырғызып, басқа жаққа алып кеткен. Әкімдік бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Әкіммен кездесуге келген тағы бір қала тұрғыны Ернар Рахымжанов жиында 30-ға жуық тұрғынның бес-жетеуі ғана сұрақ қоя алмағанын айтты. Ернардың өзі Досаевқа сұрақ қойған, бірақ ол әкімнен нақты жауап алмағанын және нақтылап сұрауға мүмкіндік болмағанын айтады.
"[Микрофонды] өшіріп тастады. Мен реновация туралы сұрақ қоя бастадым, "Өз үйім" компаниясы Сүлейменов — Жандосов көшелерінің қиылысындағы жеке секторды бұзып жатыр. Тұрғындардың келісімінсіз құрылысқа қандай негізде рұқсат берілгенін және адамдарды көшірмей құрылысты неге бастағанын сұрағым келді. Бұл құрылыс компаниясы [мүдделерінің] лоббизмі емес пе? Бірақ ол маған айтуға мұрша бермеді" деді Рахымжанов.
Белсенді әкіммен кездесуді көп күткенін айтты. Оның сөзінше, бұл жолы кездесуде адамдар әдеттегіден аз болған. Осыған байланысты ол жиынға келген адамдарға бәріне сұрақ қоюға мүмкіндік берілуі керек еді деп есептейді.
"Тұрғындардың көбі үлгермеді. Алдын-ала еш жерде хабарланбады. Дәлірек айтқанда, олар ақпаратты 28 тамызда жариялап, екі күннен соң өшіріп тастады. Кейін Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді, оны бір тәулік бұрын жариялады. Ал Әуезов ауданы бойынша хабарландыру мүлдем жарияланбаған. Сонда кездесу кім және не үшін? Тек мақтайтын адамдарды жинау үшін бе?" дейді Рахымжанов.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі "кездесу туралы хабарлама Алматы қаласы әкімдігі сайтының үш бөлімінде жарияланады. Кездесу кестесі сайттың басты бетіне қойылған" деді.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі "кездесу туралы хабарлама Алматы қаласы әкімдігі сайтының үш бөлімінде жарияланады. Кездесу кестесі сайттың басты бетіне қойылған" деді.
"Алматы әкімінің тұрғындармен кездесуі орта есеппен екі сағатқа созылады. Әр ауданда әкім тұрғындармен кемінде тоқсан сайын бір рет кездеседі. Сұрақ қойып үлгермеген қала тұрғындары келесі кездесулерге қатыса алады. Кесте Алматы әкімдігінің ресми сайтында жарияланады" делінген әкімдіктің 15 қыркүйектегі жауабында.
Азаттық әкімдіктен 14 қыркүйекте өткен кездесуде микрофонды өшіру, әкімнің кездесуді ерте аяқтау туралы шағым жөнінде сұрағын, бірақ олар жауапсыз қалды.
Тамыз айының соңында Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесуге келген тіркелмеген "Демпартия" белсенділері Аружан Дүйсебаева мен Мейірхан Жолаевты полиция ұстап әкетті. Бұған дейін Дүйсебаева әкім Досаевтан отставкаға кету туралы сұраған.