Accessibility links

Экс-президенттің бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев 6 жылға сотталды


Кәсіпкер Қайрат Боранбаев сот үкімі оқылғаннан кейін. Астана, 31 наурыз 2023 жыл.
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев сот үкімі оқылғаннан кейін. Астана, 31 наурыз 2023 жыл.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевты алты жыл түрмеге кесті. Бұл жөнінде "Власть" сайты хабарлады.

Сот Боранбаевты "Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi" (28-бап, 5-бөлік,), "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену" (189-бап 4-бөлік 2-пункт) және "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру" (218-бап 3-бөлік) баптары бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеуді де үкім етті.

Сот жоғарыда аталған баптар бойынша айыпталған Роман Нахановқа да 6 жыл түрме жазасын берді. Ал Тайыр Жанұзақов 5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Үкім бойынша сотталушылар өмір бойы мемлекеттік қызмет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ведомстволарда, қаржы ұйымдарында, квазимемлекеттік секторда істеу құқығынан айырылды.

Бұған қоса, сот Боранбаевтың төмендегі мүліктерін мемлекетке қайтаруды қаулы еткен:

  • Құны 686 млн теңге тұратын Алматының Әл-Фараби көшесі, 77/7-1 мекенжайында орналасқан жер телімі бар коммерциялық ғимарат;
  • "Халық банкnегі" 1 млрд 270 млн 190 мың теңгесі бар есепшот;
  • "Халық банктің" түрлі шоттарындағы 5,6 млн доллар, 1,1 млн доллар, 755,8 млн теңге, 193,1 млн теңге.

Бір күн бұрын қаржы мониторинг агентігі (ҚМА) кәсіпкер Қайрат Боранбаев құны 120 млрд теңге болатын активін мемлекетке қайтарғанын мәлімдеген.

Экс-президенттің қызының бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев биыл наурызда жоғарыда көрсетілген айыппен кінәлі танылып, 8 жыл түрме жазасын алған. Осы іс бойынша өзге сотталушы Роман Наханов пен Тайыр Жанұзақ та 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Сотта "АзияГазШонжы" компаниясының сұйытылған газды сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге қаражаттың жымқырылуы бойынша эпизод қаралған.

Кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевқа шыққан сот үкімінің күшін жойды. 29 маусымда Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевпен бірге сотталған Тайыр Жанұзақ пен Роман Нахановтың да үкімін өзгертіп, қайта қарау туралы шешім шығарды. Сот қаулысына сәйкес, үкімнің күшін жоюға Ресей газының бағасы көрсетілген құжаттың түпнұсқасының болмауы себеп болған. Алаяқтық схеманы дәлелдейтін айғақтар да болмағаны жазылған.

Биыл тамызда жергілікті БАҚ Боранбаевтың адвокатына сүйене отырып, кәсіпкер тергеу органдарымен процессуалдық келісім жасауға келіскенін, бас бостандықтан айырылу жазасының орнына кінәні мойындап, шығынды өтеуге келіскенін жазған.

Forbes басылымы Боранбаевты Қазақстандағы ең ықпалды бес кәсіпкердің қатарына жатқызған. Ол елдегі "Есентай молл", "РитсКарлтон", "РахатПалас", "Алмалы" сынды қонақ үй, сауда орталықтарына толық және жартылай иелік еткен. Шетелде де жылжымайтын мүліктері бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG