Accessibility links

Қызылордада апелляция Қаңтардан соң 16 жылға сотталған Піржанов пен марқұм Омаровтың үкімін өзгертпеді


Қаңтарда қаза тапқан Фархат Омаров.
Қаңтарда қаза тапқан Фархат Омаров.

Қызылорда облысының апелляциялық соты Қаңтар оқиғасына байланысты 16 жылға сотталған Ғабит Піржанов пен марқұм Фархат Омаровқа шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот үкімі заңды күшіне енген, бұл жөнінде 14 қыркүйекте Қызылорда облыстық соты сайтында жарияланды.

"Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, бейнежазбамен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен дәлелденеді" делінген соттың хабарламасында.

15 қыркүйекте Фархат Омаровтың ағасы Мақсат Омаров пен Піржановтің адвокаты Азаттыққа сот шешіміне келіспейтінін, ары қарай шағым түсіретіндерін айтты.

"Қаншама нәрсені дәлелдеп бердік. Прокуратура бізге берген видеоларын жоққа шығарып отыр. Видео қолдан істелуі мүмкін дейді, соны бізге өздері берді ғой. Сот шешіміне келіспеймін. Соңына дейін баратын боламыз" дейді Мақсат Омаров.

Бұған дейін Омаровтың туыстары "Фархатқа тағылған айыптар қолдан жасалған, куәгерлерден қысыммен жалған түсінік алынған" деп айтқан еді.

2023 жылы 4 шілдеде Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды", "әскери адамға оқ атты", "қаруды күштеп тартып алды" деп айыпталған Ғабит Піржанов пен марқұм Фархат Омаровты айыпты деп тапты. Судья Асыл Ізтелеуова Піржановты 16 жыл бас бостандығынан айырса, Омаровты қаза болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.

Айыптау актісінде Піржанов туралы "2022 жылы 4 қаңтар "Aray City Mall" сауда үйінің алдында, облыстық әкімдігінің ғимаратында, жергілікті жол полиция басқармасында болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған. Өз адамдарына оқ атуды бұйырған. Атыс қаруын ұрлау үшін полиция ғимаратының сызбасын алған, полиция араласқан соң қылмысын жүзеге асыра алмаған" деп жазылған.

Ал Фархат Омаров туралы айыптау актісінде "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, әкімдік пен жол полициясының ғимараттарына заңсыз кірген. "Піржановтың бұйрығымен полиция қызметкерін атып, жаралаған. Өзі қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқан" деп баяндалған.

Қаңтар оқиғасы кезінде жүрегіне оқ тиіп қаза болған 29 жастағы Фархат Омаровтың қазасына байланысты ешкім жауапқа тартылмады. Оның қазасы бойынша қозғалған іс бірер айдан соң "күдікті табылмады" деп тоқтатылған.

Ресми мәліметке сәйкес, Қызылордада Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 26 адам қаза тапты. Оның біреуі – әскери қызметкер. Сарбаздың қазасы бойынша Қызылорда тұрғыны Қазыбек Құдайбергенов 17 жылға сотталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG