15 қыркүйекте кешке жергілікті ақпарат құралдары "ҚазТелеРадиоға" сілтеме жасай отырып, KazSat-3 спутнигіндегі ақауға байланысты Қазақстанның барлық аумағында қазақстандық телеарналардың эфирі үзілгенін хабарлады.
Цифрлау және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, "Ай мен Жердің көлеңкелі учаскесінен өту кезінде KazSat-3 ғарыш байланыс аппаратының батарея блокторының зарядтары бітіп, спутниктік телерадиохабар тарату және спутник мәліметтерін алу қызметі уақытша тоқтатылған".
"Қазіргі уақытта "Республикалық ғарыш байланысы орталығы" АҚ ұлттық операторы ғарыш аппаратын жасаушы "Академик М.Ф.Решетнев атындағы ақпараттық жерсерік жүйесі" АҚ-пен бірге аталған қызмет түрлерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр" деп жазылған ведомство хабарламасында.
Мемлекеттік телеарналар резервтік Kazsat-2 спутнигінің көмегімен істеп жатыр деп айтылады. Ақпаратқа қарағанда, барлық 567 радиотелевизиялық станция телевизия арналарын KazSat-2 спутнигі арқылы қабылдап жатыр.
KazSat-3 спутнигі 2014 жылдың сәуір айында Байқоңыр айлағынан ұшырылған және мамандар есебінше, шамамен 15 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Қазақстанның KazSat-2 және KazSat-3 спутниктері бар.
Алғашқы KazSat-1 геостационарлық спутнигі 2006 жылы ұшырылған. Ол 10-12 жыл жұмыс істеуі тиіс болған, алайда 2008 жылы онымен байланыс үзілді. Кейін Қазақстан билігі KazSat спутнигінің өрескел қателіктермен ұшырылғанын хабарлаған.