Accessibility links

Мәскеуде дрон өндіретін компания қызметкері ұсталды


"Кронштадт" компаниясының ресми сайтынан алынған сурет.
"Кронштадт" компаниясының ресми сайтынан алынған сурет.

Мәскеуде дрон өндіретін компаниялардың бірінің қызметкері ұсталды. Ол деректерді интернетке жариялады деген күдікке ілінген. Бұл жөнінде РИА "Новости" мемлекеттік агенттігіне құқық қорғау органдарындағы дереккөз хабарлады.

Дереккөздің хабарлауынша, күдіктіде компания туралы маңызды ақпарат болған. Ол деректерді IT-жобалардың кодын сақтайтын Github платформасына жариялап жіберген-мыс. Компания қызметкері 12 қыркүйекте ұсталған. Ресейдің маңызды ақпараттық инфрақұрылымына теріс әсер ету туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оған 3-8 жыл аралығында түрме қаупі төніп тұр.

"База" Телеграм-арнасының хабарлауынша, күдікті "Кронштадт" компаниясында істейді, жасы 36-да. Ол ұшқышсыз авиация және қорғаныс өнеркәсібіне арналған жабдықтар мен софт шығарумен айналысқан. Ол ешқайда кетпеу туралы қолхатқа қол қойған.

"Кронштадт" компаниясы "Дождь" телеарнасына берген сұхбатында Github арқылы құпия мәлімет жариялаған компанияның бұрынғы желі инженері ұсталғанын растаған. Коммерциялық құпия саналатын мәліметтерді заңсыз жолмен алу жөнінде қылмыстық іс қозғалған.

  • "Кронштадт" сайтындағы ақпаратқа қарағанда, компания жоғары технологиялық дрондар кешені, навигация жүйесі мен жерден басқаруды жобалайды, әзірлейді және өндіреді. Компания өнімдерінің арасында "Орион" тыңшы дроны да бар.
  • TAdviser мәліметінше, кәсіпорын "Система" АФК инвестициялық компаниясының құрамына болған. 2021 жылы шілдеде "Система" "Кронштадтағы" өзінің үлесін азайтып, 2022 жылы мамырда компанияның капиталынан толық шыққан.
  • "Кронштадт" компаниясының сайтында корпорация жаңалықтары соңғы рет 2022 жылы 28 қаңтарда жаңаланған. Онда компания Дубнада тұңғыш ірі дрондар шығаратын мамандандырылған зауыт ашқаны жазылған. Оған қорғаныс министрі Сергей Шойгу да қатысқан.
XS
SM
MD
LG