Accessibility links

Ирандық құқық қорғаушы Махса Әминидің өліміне бір жыл: наразылық, құрбандар, өлім жазасы


Иран қыз-келіншектері өздерінің құқықтары үшін күресті тоқтатпады.
Иран қыз-келіншектері өздерінің құқықтары үшін күресті тоқтатпады.

2022 жылы 16 қыркүйекте Иранда "хиджабты дұрыс кимегені үшін" ұсталған әйелдер құқығын қорғаушы Махса Әмини көз жұмды. Белсендінің отбасы оның өліміне полицейлерді кінәлайды.

22 жастағы Махса Әминидің өлімінен кейін Иранда үкіметке қарсы наразылық шаралары тұтанды. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, тәртіпсіздік кезінде 500-ден астам адам қаза болған, 71-і – бала. Жүздеген адам жарақаттанған, 20 мыңнан астам адам тұтқындалды.

Наразылыққа қатысқан кейбір белсенділерді билік өлім жазасына кескеннен кейін елде наразылық бірте-бірте бәсеңдеді. Енді наразылық тек Ираннан тыс аумақта өтіп жатыр – Брюссельде Әминидің өліміне бір жыл толуына орай ирандық эмигранттар акция өткізді.

Наразылыққа қатысқандардың бірі Мохсен Шекари былтыр желтоқсанда дарға асылды. Содан бері кемінде алты адамға шыққан өлім жазасы үкімі орындалған. Наразылыққа қатысқаны үшін кемінде 26 адам өлім жазасына кесілген, одан бөлек өлім жазасы қолданылатын қылмыс айыбы ондаған адамға тағылған. Биыл ақпанда Иран билігі "қылмысына өкінген" мыңдаған адамға рақымшылық жариялады, арасында күзгі наразылыққа қатысқандар да бар.

Халықаралық қауымдастық Иран билігін өлім жазасын тыйып, бейбіт наразылыққа шыққандарды босатуға үндеген. Осы үндеу нәтижелі болуы үшін АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және Канада Иран билігіне санкция салған.

Әминидің өліміне бір жыл толар кезде шектеу тізімі кеңейтілді. Атап айтқанда, АҚШ наразылықты күшпен басу және иран журналистерін қудалауға қатысы бар 29 жеке тұлға мен заңды тұлғаға қосымша санкция салды.

Наразы жұрт "отставкасын" талап еткен Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи АҚШ-ты "тәртіпсіздікке" айыптады. Көптеген иран әйелдері хиджабтан бас тартып, құқықтары үшін күресіп жүр. Ал оған жауап ретінде билік "әдеп полициясын" қайта ашып, әйелдердің жүріс-тұрысын бақылау үшін көшеге камера орнатуды, хиджаб кимегендерге жазаны күшейтуді яғни, 10 жылға дейін түрме жазасын енгізуді жоспарлап отыр.

XS
SM
MD
LG