Accessibility links

Ресейдің әскери "Самум" кемесіне дрон тигенін айғақтай түсетін фото жарияланды


Сүйретіліп бара жатқан "Самум" кемесі

Ресейдің Қара теңіздегі әскери "Самум" кемесі Украинаның теңіз дронынан зақымданды деген ақпаратты растай түсетін фото жарияланды.

Фото суретті "Украинская правда" басылымы шығарған. Редакция жазуына қарағанда, суретті Украина қауіпсіздік қызметіндегі ақпарат көздері берген.

Суретте бір жағына қарай қисайып бара жатқан кемені шағын кеме сүйретіп бара жатқаны көрінеді. Сурет қашан түсірілгені жазылмаған.

Бұған дейін "Украинская правда" өз дереккөзіне сүйеніп, Украинаның "Морской малыш" дейтін дронымен "Самум" кемесіне соққы жасалғанын хабарлаған. Украина БАҚ-тарының жазуына қарағанда, дрон тиген кеме әрі қарай жүзе алмағандықтан, сүйреп әкеткен.

"Важные истории" басылымының жазуынша, тәуелсіз OSINT сарапшылары кеменің қисайғанын растаған.

Кемені жөндеу үшін Севастопольге әкеткен. Бұған дейін Украина әскері Севастопольдегі кеме жөндеу зауытына да соққы жасаған. Ресей қорғаныс министрлігі сол соққы кезінде екі кемеге зақым келгенін мойындаған болатын.

Ресей қорғаныс министрлігі 14 қыркүйекте "Самумға" дрон шабуылдағанын, бірақ шабуыл сәтсіз болғанын айтқан.

Сонымен қатар "Василий Быков" патруль кемесіне де үш дрон шабуыл жасағаны туралы хабар тараған. Ресей оған да тойтарыс бердік деген. Бірақ Украина әскері жариялаған видеода дрондардың бірі кемеге жеткені көрінеді. "Василий Быковтың" зақымданғанын Ресей қорғаныс министрлігі төңірегіндегі "Рыбарь" телеграм-арнасы мойындаған. "Самум" кемесін сүйретіп бара жатқаны көрінетін фото жайлы Ресей түсінік берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG