Украина әскери қызметкерлері Донецк облысындағы Клещеевка селосын азат еткенін жексенбі күні мәлімдеді. Бұл село Ресей әскері басып алған Бахмут қаласының оңтүстігінде жатыр. Клещеевка үшін қанды шайқас бірнеше айға созылған, село түгелге жуық талқандалған.
Селоның Украина әскерінің бақылауына өткені туралы алғашқы ақпараттар жексенбіде таңертең пайда болған. Кейін оны Украина әскері Шығыс тобының баспасөз хатшысы, капитан Илья Евлаш "Украинская правдаға" айтқан сөзінде растаған.
Клещеевка – Бахмут түбіндегі село. Украин жауынгерлері өткен аптада Бахмут төңірегіндегі Андреевка селосын да қайтарып алған. Биыл көктемде Бахмутты бірнеше айға созылған шабуылдан кейін Ресей басып алған.
Ресейшіл кейбір телеграм-арналар өткен аптаның сәрсенбісінде Ресей әскері Андреевка мен оған іргелес Клещеевканы тастап кеткенін хабарлаған. Бұл арналардың жазуынша, толық талқандалған бұл екі селоны да қазір ешкім бақыламайды. Екі селоның алынғаны украин әскерінің Бахмутты әрі қарай қоршауына жол ашады, бірақ қалаға барар бірқатар жолдар әзірге кесілмеген.
ПІКІРЛЕР