Қаңтар оқиғасы бойынша істе айыпталушылардың бірі, ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов сот процесі кезінде Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш бұйрық бергенін айтқан. Мұны журналист Данияр Молдабеков "Пятое января" телеграм арнасына жазды.
Журналистің жазуына қарағанда, Ысқақов "Дикий Арман" дейтін лақап атымен мәлім Арман Жұмагелдиевті қамау туралы тапсырма шетелден түскенін айтқан.
18 қыркүйекте ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов, Арман Жұмагелдиев, Қайрат Құдайбергендер ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы жалғасқан.
Данияр Молдабековтің сөзінше, айыпталушы Руслан Ысқақов өзіне қозғалған қылмыстық іс бойынша берген мәліметтерін тергеу құпиялап тастағанын айтқан. Ысқақовтың сөзінше, оны "Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіштің Қаңтар оқиғасы кезіндегі рөлін байқатпау үшін" істеген.
"Олар Самат Әбіштің бұйрығын орындағанымды айтуға тыйым салғысы келеді,"- дейді Руслан Ысқақов.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы жедел штабты ҰҚК Алматы департаментінің бұрынғы бастығы, бұған дейін сотталған Нұрлан Мажилов басқарған.
Адвокаттары ҰҚК Алматы департаментінің тергеу изоляторында отырған Ысқақовпен байланыс Zoom платформасы арқылы ғана жүретініне әлденеше рет наразылық білдірген.
Молдабеков Руслан Ысқақовтың "Арман Жұмагелдиевті қамауға алу туралы бұйрық шетелден келгенін білемін және дәлелдей аламын. Телефонмен берілген бұйрық. Ол кезде қандай дәлел болды?" деген сөзін келтірген. Ысқақов нақты қайсы шетел екен айтпаған.
Қылмыс әлемінде танымал адам әрі блогер ретінде белгілі 38 жастағы Арман Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған. Онымен бірге Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер әрі блогер Қайрат Құдайберген де қамалған. Бұл іс бойынша 42 адам жауапқа тартылып жатыр.
- 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын Қазақстан билігі "террористердің шабуылы және мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс" деп бағалаған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күш құрылымдарға ескертусіз ату жөнінде бұйрық берген. Қаңтар оқиғасы кезінде 200-ден астам адам өлген.
- Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімовті қамауға алып, биыл сәуірде сот "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "қызметін асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға бостандығынан айырған. Мәсімовтің орынбасарлары Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Әсіпов үш жылға сотталған. Мәсімовтің жақтастары "істің саяси астары бар екенін, Мәсімовті кінәлі етіп шығару керек болғанын" мәлімдеген.
- Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Сама Әбіш Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК төрағасының бірінші орынбасарлығынан босатылған. 2022 жылы маусымда журналистер сұрағына жауап берген бас прокуратура өкілдері "әлдебір іс бойынша Самат Әбіштің тергеу назарында екенін" айтқан. Сол жылы шілдеде Самат Әбіш "ҰҚК басшыларының ісі бойынша тергеуге шақырылғаны туралы хабар тараған.
- 2022 жылы Самат Әбіш ағасы Қайрат Назарбаевтың соты кезінде үйде отырғаны көрінген.
ПІКІРЛЕР