Украина президенті Владимир Зеленский Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында Ресей агрессиясы туралы сөйлеген сөзінде Қазақстанға да қатер төніп тұрғанын атап айтты.
"Ресей әр онжылдықта соғыс бастайды. Молдова мен Грузияның бөліктері оккупацияда қалып отыр, Ресей Сирияны қирандыға айналдырды. Ресей Беларусті жұтып алды десе болады, ол Қазақстан мен Балтық елдеріне айқын қатер төндіріп тұр", – деді Зеленский.
Бұған қоса ол Ресейдің ядролық қару ұстауға құқы жоқ деп мәлімдеді.
"XX ғасыр күллі әлемді ядролық қаруды қолданудан, оны таратудан және онымен қорқытып, қоқан-лоққы жасаудан тартыну керегін үйретті" деді Зеленский.
Украина президенті азық-түлік қауіпсіздігін де сөз етті.
"Ресей Украина порттарын бұғаттап қойды, Днепр дрон нысанасына айналды", – деді ол.
Зеленский Мәскеуді азық-түлік дағдарысын қаруға айналдырып, Украинада басып алған жерлерді Ресейдің бөлігі деп тануға өзгелерді мәжбүр еткісі келеді деп айыптады.
"Экспортқа астық шығаруға арналған құрлықтағы бағыттарды сақтау туралы бастамамызды көпшілігіңіз қолдайсыздар деп үміттенем", – деді Украина президенті жиынға қатысушыларға.
Сонымен бірге ол Еуропадағы кейбір елдерді "астықты триллерге айналдырып отыр" деп сынға алды. "Олар өз рөлін атқарып жатқандай көрінуі мүмкін, бірақ шындығында олар "мәскеулік актердің" сахна қойылымына болысып отыр" деді Зеленский. Бірақ қай елді меңзеп тұрғанын айтпады.
Украина президенті Ресейді энергия шикізаттарын қару етіп қолданады деп сынады. Бұдан бөлек ол Мәскеуді өзге елдердегі электр стансаларының аумағын лас бомбаға айналдырмақшы деп сөкті.
"Ресей біздің Запорожье атом электр стансасын неге айналдырғанын қараңыздаршы. Атқылады, басып алды, енді өзгелерді радиация тарайды деп қорқып, қоқан-лоққы жасап отыр", – деді Зеленский және "радиациямен бопсалаушы" әлі күнге ешқандай жауапкершілік сезініп отырмағанын айтты.
Зеленский сөзінде Ресейді "ондаған мың" украин балаларын ұрлап әкетті, осылайша олардың отбасына және қоғамға қысым жасап отыр деп кезекті рет айыптады. Украина президенті Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді Украинаның басып алынған жерлерінен балаларды заңсыз әкеткен деген күдікпен тұтқындауға ордер бергенін еске салды.
- Президент Путин "Ресей көрші елдерге жерді сыйға бергенін" бұрыннан айтып жүр. "Украина мемлекеті болмаған" деп мәлімдеп, белорус, орыс және украиналықтарды "бір халық" деп атаған Путин, "Ресейдің тарихи жері өтіп кеткен" елдердің қатарында Қазақстанды да атаған. Бір сөзінде ол "қазақтарда ешқашан мемлекет болмағанын" айтқан. Ресей парламентінің кейбір депутаттарының осы тақылеттес мәлімдемелері Қазақстан қоғамында наразылық туғызған.
ПІКІРЛЕР