Accessibility links

Пентагон басшысы Украинаға жақын арада "Абрамс" танкілері жеткізілетінін айтты


АҚШ армиясының M1A2 "Abrams" әскери танкі. Архивтегі фото.
АҚШ армиясының M1A2 "Abrams" әскери танкі. Архивтегі фото.

Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқан Украинаға америкалық "Абрамс" танкілері жақын арада жеткізіле бастайды. Бұл туралы сейсенбі, 19 қыркүйекте Германияда елуге жуық елдің өкілдері қатысатын "Рамштайн" форматындағы жиында АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин айтты.

Оның сөзінше, америкалық танкілер Украинаның беренді техника бойынша мүмкіндігін едәуір арттырады. Америкалық делегация мүшелерінің бірі "Абрамс" танкілерінің алғашқы партиясы жақын күндері Киевке берілетінін хабарлады. Танкілер қазір Еуропадағы бір елдің аумағына жеткен. АҚШ Украинаға "Абрамстың" 31 данасын беруге уәде еткен. Оқ-дәрі ретінде құрыш бұзар мүмкіндігі жоғары 120 мм снаряд қолданылады. Бұл снаряд бір кездері совет танкілерімен күресу мақсатында жасалған.

Украина жауынгерлері Батыста жасалған әскери танкілерді пайдалану бойынша оқуды биыл маусым айында бастаған. Әдетте дайындық курсы алты айға дейін жалғасады, бірақ украин сарбаздары мұны қысқа мерзімде өте алады.

Пентагон өкілдері соғыс кезінде бұзылған танкілерді жөндеу мен қайта қалпына келтіруге қажет инфрақұрылым мен жағдай жасалғанын хабарлады.

АҚШ-тың жоғары шенді әскери қызметкерлері Украина қарулы күштерінің қарымта шабуылда табысқа жететініне үміт артатынын жеткізді. "Украина өз аумағын Ресей оккупациясынан азат ету мақсатында тұрақты прогреске қол жеткізіп отыр. Бүгінге дейін Украина Ресей басып алған аумақтың 54 пайыздан астамын азат етті және стратегиялық бастаманы сақтап тұр" деді штаб жетекшілерінің біріккен комитетінің төрағасы, АҚШ армиясының генералы Марк Милли.

Тамыз айының басында АҚШ Украинаға "Абрамс" танкілерінің алғашқы партиясы жіберілетінін ресми түрде мәлімдеген. АҚШ әскерін жабдықтау қызметінің басшысы Даг Буш танкілер Украинаға биыл күздің басында жетеді деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG