Accessibility links

Абай облысындағы ауылда сібір жарасына байланысты төтенше жағдай жарияланды


Сібір жарасы жұққан адамның қолы. Архивтегі фото.
Сібір жарасы жұққан адамның қолы. Архивтегі фото.

Абай облысы Бесқарағай ауданы Жетіжар ауылында жергілікті тұрғынға сібір жарасы дерті жұққан деген күдік туып, төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл туралы ақпарат облыс әкімдігінің телеграм-арнасында жарияланды.

Хабарламаға сәйкес, науқас ПТР-тестін тапсырған, бірақ әлі зертханалық талдау қорытындысы шықпаған. Әкімдіктің мәліметінше, ауыл тұрғыны ауруды қалай жұқтырғаны әзірге белгісіз, мамандар оны анықтап жатыр.

Қазір ауылға кіреберісте санитарлық пост қойылған. Жетіжардан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға уақытша шектеу енгізілді.

Облыс әкімдігі Бесқарағай ауданы халқын тек ресми ақпаратқа сенуге шақырған.

Тамыз айының аяғында Ақмола облысы Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылында сібір жарасына байланысты карантин жарияланған еді. 12 адам ауруханаға жатқызылып, олармен байланысқан 22 адам дәрігердің бақылауына алынды. Қыркүйек айының басында ауылда сібір жарасын жұқтырғандар 15 адамға жеткен.

Маусым айында Жамбыл облысы Талас ауданы Тамды ауылы сібір жарасына байланысты 15 күнге карантинге жабылды. Сол кезде қатерлі ауру үш ауыл тұрғынына жұққаны анықталған. Былтыр Қазақстанда сібір жарасы індеті бірнеше рет анықталған.

Сібір жарасы - адамға ауру малды сойған кезде, оның терісі мен етін өңдегенде жұғатын, Bacillus anthracis бактериясы тудыратын аса жұқпалы ауру. Сібір жарасын жұқтырған адамды емдеп, жазуға болады, алайда асқынған түрі ажалға себеп болуы мүмкін. Бұл аурудың алдын алу үшін малға екпе егіліп, мал еті мен сүті ветеринарлық бақылауда болуға тиіс.

Биыл мамыр айында Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі сібір жарасы адамға көбіне ауру малды сою және кесу кезінде, алынған ет пен шикізатпен жанасқанда зақымдалған тері арқылы жұғатынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG