Accessibility links

Оралда пикетке шыққан екі азамат әлеуметтік әділдікті талап етіп, аштық жариялайтынын айтты


Бекболат Өтебаев пен Сандуғаш Мұқамбетжанова Орал қаласында пикет өткізіп тұр. 20 қыркүйек, 2023 жыл.
Бекболат Өтебаев пен Сандуғаш Мұқамбетжанова Орал қаласында пикет өткізіп тұр. 20 қыркүйек, 2023 жыл.

20 қыркүйекте Орал қаласының тұрғындары Бекболат Өтебаев пен Сандуғаш Мұқамбетжанова әлеуметтік төлем мен жәрдемақыны арттыру және елдегі әлжуаз топты тұрғын үймен қамтамасыз етуді талап етіп, қалалық әкімдік ғимараты орналасқан Абай атындағы алаңға пикетке шықты.

Олар мерзімсіз аштық жариялап, таңға дейін алаңда қалатынын айтты.

Орал тұрғындары биліктен әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақыны өсіруді, зейнет жасын төмендетуді, жетімдер мен мүгедектігі бар адамдарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді талап етті. Өтебаев пен Мұқамбетжанова алаңға "Аштық" деп жазылған плакаттар алып келді. Одан бөлек Бекболат Өтебаевтың қолында "Өмір сүргім келеді, I want to live" деген плакат болды.

— Денсаулығымнан айырылуыма байланысты мемлекеттен берілетін титтей жәрдемақыға келіспеймін, сондықтан аштық жариялаймын. Өмір бойы кедей өмір сүру үшін жұмыс істеген жоқпын. Өлместің күнін көру үшін емес, өмір сүру үшін істедім. Жәрдемақыны көтеруді талап етемін, зейнет жасын төмендетуді талап етемін, зейнетақы жинақтарына қол жеткізуді талап етемін, — деді Бекболат Өтебаев.

Оның айтуынша, пикетке шығуға Орал қаласында жақында болған екі оқиға — "Шаңырақ" жатақханаcын "жөндеу кезінде" балалар үйі түлектерін шығаруға байланысты наразылық акциясы мен апелляциялық соттың оралдық белсенді Аслан Өтеповтің үкімін өзгертпеу туралы шешімі әсер еткен. Өтебаев бұл оқиғалардан заңсыздық пен Қазақстан азаматтарының құқығы бұзылып жатқанының "жарқын мысалын" көреді.

— Мен бірінші топтағы мүгедек Жазира Сәндібекованың анасымын, мүгедектігі бар адамдарға ғана емес, олардың көмекшілеріне, көп балалы аналарға да [көмек] талап етемін. Мен аштық жариялаймын, себебі таныстарымның үйін паналаудан, 30 жастағы қызыммен пәтер жалдаудан, барлық жердің табалдырығын тоздырудан шаршадым, — деді наразылық акциясы кезінде Сандуғаш Мұқамбетжанова..

Ол жетімдерге, мүгедектігі барларға күтім жасайтындарға, көп балалы аналарға тұрғын үй беруге қол жеткізгісі келетінін айтты. Оның сөзінше, оларға пәтер беру қазір тоқтатылған. Мақамбетжанова арбаға таңылған қызымен тоғызыншы қабаттағы жатақхана бөлмесін жалдауға мәжбүрмін деді.

"Аштықты тоқтатпаймын және осында түнеймін" деді Сандуғаш Мұқамбетжанова.

Пикет басталған соң біраз уақыттан кейін наразыларға екі адам келіп, өздерін әкімдік қызметкері, ал біреуі — ішкі саясат бөлімінің өкілі деп таныстырды. Ер адам олардың әрекеті "заңсыз" екенін және "келісілмеген акция үшін" әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын айтты. Өтебаев пен Мұқамбетжанова әкімдік өкілінің алаңнан кету туралы өтінішін тыңдамай, талаптарын айтып тұра берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG