Азаттықтың Армян қызметі – Азатутюн радиосының хабарлауынша, оқиға 20 қыркүйекте жергілікті уақытпен 22:50 шамасында болған. Қаза тапқан я жараланғандар туралы ақпарат жоқ. Атыс Гегаркуникск облысындағы Сотк елді мекенінде болған деп хабарлады Армения жағы. Алайда Әзербайжан қорғаныс министрлігі мұны жоққа шығарады.
Таулы Қарабақтағы жікшілдердің қарулы күштерін қарусыздандыруға әскери мамандар тартылады, "қазір соның тетіктері дайындалып жатыр" деді Әзербайжан президентінің кеңесшісі Хикмет Гаджиев.
Азатутюн радиосының хабарлауынша, Әзербайжанда тіркелген дипломаттардың алдында сөйлеген Гаджиев, Баку Әзербайжан конституциясы аясында Қарабақта тұрып жатқан армяндарды реинтеграциялауға дайын екенін мәлімдеген.
"Евлахтағы кездесуде Қарабақ халқының барлық гуманитарлық сауалына жауап беруге дайынбыз және қысқа мерзімде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз", – деген Гаджиев.
Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ресейлік бітімгерлік топтар Таулы Қарабақтың Мардакертск, Мартунинск және Аскеранск сынды үш ауданынан бес мың адамды эвакуациялаған.
19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақтағы жікшілдердің бақылауындағы аумақтарға шабуыл бастаған. Баку бұл шабуылын "террорға қарсы операция" деп атады. Әзербайжан әскері Таулы Қарабақтағы армяндар тұратын елдімекендер мен Степанакерт қаласын (Әзербайжан бұл қаланы Ханкенді деп атайды) артиллериямен атқылаған.
Әзербайжан ұлттық қауіпсіздік қызметі "армян жауынгерлері Қарабақта қойып кеткен танкіге қарсы миналар жарылып, төрт полицей мен екі бейбіт тұрғын қаза тапты" деп мәлімдеді. Баку бұл жарылыстарды "террорлық әрекет" деп атап, шабуыл бастаған.
Таулы Қарабақтағы жікшілдер күштері Бакудың бұл мәлімдемелерін жоққа шығарып, "Әзербайжан жалған ақпарат таратып, әскери шабуылға сылтау іздеп тапты" деді.
- Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы болып саналады, бірақ аймақ халқының басым бөлігі – армяндар. Таулы Қарабақтағы армяндар Ереванның қолдауына арқа сүйейді. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері әлденеше рет қарулы қақтығысқа барған. 1988-94 жылдар аралығында болған соғыста 30 мыңдай адам қаза тапты. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Кейін Таулы Қарабақ армяндардың бақылауында болды. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы өзін өзі тәуелсіз аймақ деп жариялаған. Бірақ халықаралық қауымдастық та, Арменияның өзі де оны мойындаған жоқ.
- 2020 жылы қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта қайта қақтығысты. Сол шайқастардан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, сонымен қатар Мардакерт және Мартуни қалаларын қайтарып алған. Ал Таулы Қарабаққа Мәскеу бітімгер әскер кіргізген.
- Биыл Таулы Қарабақта жағдай қайта ушығып, тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптай бастаған.
ПІКІРЛЕР