Accessibility links

Шымкенттің 19 жастағы тұрғыны "терроризмді насихаттау" бабымен 7 жылға сотталды


Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "терроризмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды" деп айыпталған қала тұрғынын кінәлі деп танып, оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген. Сотталушы "радикал уағызшылардың дәрістерін тыңдаған, Сириядағы діндестерімен байланысқан, жалған атпен әлеуметтік желіде зорлық-зомбылық, экстремизм бағытындағы идеологиялық материал жариялаған".

Үкім 17 қыркүйекте күшіне енген. Сотталушы үкімге қарсылық білдіріп, шағым түсірмеген.

"Сот кабинеті" жүйесіндегі деректерге қарағанда, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 2 қыркүйек күні 19 жастағы Самандар Бувашевті Қылмыстық кодекстің "Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" бабымен (256-бап) кінәлі деп танып, 7 жылға түрме жазасын кескен. Үкімде Бувашев "салафи ағымының радикал бағытын" ұстанғаны, Қазақстанда тыйым салынған халықаралық террористік ұйымдар мен терроризмді әлеуметтік желіде насихаттап, таратқаны жазылған.

Сот дерегіне сенсек, Бувашев өзіне тағылған айыпты ішінара мойындаған.

Оны мемлекет тағайындаған адвокат қорғаған. Сотталушы өзіне неліктен адвокат жалдамағаны, неге туыстары арасынан қоғамдық қорғаушы болмағаны белгісіз. Үкімдегі мәлімет бойынша, сотталушы 2004 жылы Шымкент қаласында туған, білімі орта, жұмыссыз. Адвокат іс бойынша қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Шымкент қалалық соты Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан ақпарат Бувашев туралы екенін растады. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.

Бувашев 15 маусым күні қамауға алынған. Іс сотқа 4 тамыз күні түскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG