Ресей үкіметі 21 қыркүйекте бензин және дизельді экспорттауға тыйым салды. Мұндай шешім астық ору науқаны кезінде ішкі нарықты тұрақты ұстап тұру үшін қажет деп түсіндірілді. Ресейдің оңтүстік аймақтары мен аннексияланған Қырымда тасымалдау тапшылығы сезілген.
Мишустин кабинетінің баспасөз қызметі мен мемлекеттік агенттіктер тыйымды "уақытша шектеу" деп атады. Бұл шара ішкі нарық сұранысын қанағаттандыруы тиіс деп айтылады.
20 қыркүйекте вице-премьер Александр Новак министрлер баға шектеу бойынша радикалды шараларға дайын деп мәлімдеген.
Өндірушілерге арналған ереже қатайған шақта Петербург биржасындағы мәліметке қарағанда, көтерме сауда бағасы түсе бастаған, ал бөлшек саудадағы баға өзгермеген.
Баға арзандағаннан кейін де АИ-92 маркалы бензиннің тоннасы 61,8 мың рубльдан сатылып жатыр. Ауыл шаруашылығы техникасы мен жүк көліктеріне қажет дизельдің тоннасы – 71,8 мың рубль. Биыл 31 шілдеде оның тоннасы 57 мың рубльден сатылған, яғни күздің алғашқы айында 25 пайыз қымбаттаған.
Жанар-жағармайдың қымбаттауына халықаралық нарықтағы жоғары баға, рубльдің құнсыздануы және жанармай демпферінің (ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұру механизмі) күрт төмендеуі себеп. Bloomberg агенттігінің жазуынша, мұнайшыларға субсидия мен қорғаныс шынын бюджет көтере алмаған.