Украинаны жақтайтын хакерлер тобы ресейлік "Сирена-Трэвел" компаниясының дерекқорына қол жеткізген. Онда 2007-2023 жылдар аралығын қамтитын әуе компаниясының жолаушылары мен оның сақтандыру құжаттары туралы мәлімет бар. Бұл жөнінде хакерлік KibOrg Телеграм-арнасына сүйенген "Важные истории" жазды.
Ақпаратқа қарағанда, дереккқорды KibOrg-пен байланысты Muppets атты топ бұзған. Олардың қандай да бір елдің үкіметі немесе арнайы қызметіне қатысы бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Хакерлер интернетке екі дерекқордың мәліметтерін жариялаған. "Важные истории" жазуынша, одан қазір Ресейде тұратын Австрияның бұрынғы сыртқы істер министрі Карин Кнайсль ұшқан бағыттар туралы мәліметтер табылған. Ол мәліметтер Кнайсльдің сапарлары туралы мәліметтермен сәйкес келеді.
"Сирена Трэвел" компаниясының дерекқорында Ресейде брондалған және сатылған барлық билеттер, жүктерді тіркеу, сақтандыру полисі және өзге де мәліметтер бар. Хакерлердің жазуынша, екі базада жолаушылардың жеке деректері, рейстерінің нөмірлері, маршруттары, тарифтері мен билет құны туралы 664,6 млн жазба бар. Бұған қоса, жолаушылардың телефон нөмірлері жазылған шамамен 3,5 млрд жазба бар.
Қамаудағы оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың үзеңгілес әріптесі Георгий Албуров базадан "Национальная медиа группа" жетекшісі Алина Кабаеваның жуырда Минскіден Мәскеуге ұшқанын растайтын билет тапқанын жазды. "Біз және өзге зерттеушілер деректерге қол жеткізе аламыз деп ойлаймыз. Онда материал жетіп артылады" деп жазды Албуров.