Джо Байден әкімшілігі Украинаға алысқа ұшатын ATACMS ракеталарын беру туралы шешімді Украина президенті Владимир Зеленский сапарына дейін қабылдап қойған. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген британдық Financial Times басылымы жазды. Жуырда NBC арнасы дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ президенті Зеленскийге ракета беретінін 21 қыркүйекте Вашингтондағы кездесу кезінде мәлімдеді деп жазған. Ақ үй бұл ақпаратты растаудан бас тартты.
Financial Times басылымының жазуынша, Байден әкімшілігі Киевке ATACMS ракеталарын беретінін жария түрде айтпаған. Басылым дереккөздерінің болжамынша, бұл Ресей әскеріне жағдайды жеңілдетпес үшін жасалып отыр.
Financial Times-тың жазуынша, әзірге ракета Украинаға берілмеген, бірақ жақын арада жеткізіледі деп айтылады. Мәселе санаулы ракета жөнінде болып отыр, алайда нақты қай түрі екені ресми түрде айтылмады.
Ал сенбі күнгі журналистер брифингісі кезінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер "Байден Зеленскийге ракета беруге уәде берді ме?" деген сұраққа "мен тараған хабарға түсініктеме бермеймін. Президент бұған дейін ATACMS ракеталары талқылаудан түспеді деген. Жаңа нәрсе жоқ" деп жауап берген.