Қытайдың SINOMASH холдингісі Қырғызстандағы Кемпірабад су қоймасынан Өзбекстанның Ферғана қаласына таза су тасымалдайтын жобаны жүзеге асырмақшы.
Бұл жөнінде Ферғана облысының әкімшілігіне сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, SINOMASH холдингісімен "алдын ала келісім" жасалған. Бұл компания аймақтағы әлеуметтік мекемелерді қалпына келтіру жұмыстарымен де айналыспақ.
Облыс жетекшісі Қайролла Базаровтың Қытайға сапары аясында 29 инвестициялық келісімге қол қойылып, жалпы құны 1,37 млрд доллар болатын сауда келісімі жасалған.
2023 жылдың басында Қырғызстан және Өзбекстан екі ел шекарасындағы жекелеген аумақтар туралы ратификациялық грамоталармен алмасқан. Оған сәйкес, Қырғызстан Өзбекстанға Кемпірабад түбіндегі 4485 гектар жерді шекаралас аймақтағы 19 мың гектар жерге алмастырады.
Бұл қырғыз қоғамында наразылық туғызған. Бұған қарсы шыққан 27 қырғыз азаматы – оппозиция саясаткерлері, құқық қорғаушы, азаматтық белсенділер мен блогер – "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен қамалған.
Қазіргі кезде 11 адам қамауда отыр, қалғаны үйқамаққа шығарылған. Тергеу амалдары шамамен 8 айға созылды, іс материалдары маусымда сотқа берілді.
"Кемпірабад ісі" 52 томнан құралған. Ішкі істер министрлігі істі "құпия" деп жариялаған. Соған байланысты сот процестері жабық өтеді.
Ұсталған белсенділер істің саясиланғанын айтады, ал ішкі істер министрлігі тергеу орындарында "айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғақтар жеткілікті" дейді.
ПІКІРЛЕР