Мойындалмаған "Таулы Қарабақ республикасынан" Арменияға 2906 адам келген. Бұл ақпарат армян үкіметінің сайтына жарияланған.
Армения министрлер кабинетінің мәліметіне қарағанда, "тіркелген 2100 адамның 1 мыңы өздері қалаған жерге кеткен, қалған 1100 адам үкімет берген уақытша қонысқа жайғасқан".
"Қоныс аударуға мәжбүр болғандар түнімен толастаған жоқ" дейді армян үкіметі.
Мойындалмаған "Таулы Қарабақ республикасы" 24 қыркүйекте халқының бір бөлігі Арменияға эвакуацияланатынын хабарлаған. Әзербайжанның арнайы операциясынан кейін үй-күйсіз қалып, Таулы Қарабақтан кеткісі келген отбасылар Ресей бітімгер күштерінің қадағалауымен Арменияға жіберілетінін айтқан.
Мойындалмаған "Таулы Қарабақ республикасы" де-факто президентінің кеңесшісі Давид Бабаянның Reuters агенттігіне айтқан сөзіне қарағанда, Таулы Қарабақта тұратын 120 мың армянның басым бөлігі үйін тастап, Арменияға кетуі мүмкін. "Халқымыз Әзербайжан құрамында қалғысы келмейді. 99,9 пайызы тарихи жерімізден кетуді көздеп отыр" деді ол агенттікке.
Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтан келетін босқындарды Арменияға қабылдауға әзір екенін айтқан. Оның сөзінше, Таулы Қарабақта армяндарды қуғын-сүргінге салуы мүмкін. Ол халыққа арнаған үндеуінде мойындалмаған "Таулы Қарабақ республикасындағы" халықтың құқығын сақтау үшін Армения халықаралық серіктестерімен бірлесе жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген.
Армения қауіпсіздік кеңесінің хабарына қарағанда, Пашинян 5 қазанда Испанияның Гранада қаласында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР