Accessibility links

Рамзан Қадыров ұлының қамаудағы адамды ұрғанын көрсетіп, мақтанды


Adam Kadyrov
Adam Kadyrov

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Құранды өртеді деген айыппен қамауға алынған Никита Журавельді ұрып-соққан ұлы Адамға қолдау көрсетті.

Қадыровтың телеграм арнасында жарияланған қысқа видеода Рамзан Қадыровтың ұлы орындықта отырған Журавельді ұрып, тебе бастағаны көрінеді. Жерге құлатып тепкілеуге кіріскенде видео аяқталады. Журавель қарсыласпай, қолымен бетін жабады. Видеоны кім, қайда түсіргені белгісіз.

Шешенстан билігінің сөзіне қарағанда, Адам Қадыров Грозный қаласындағы уақытша абақтыда отырған Никита Журавельді тамызда соққыға жыққан. Құқық қорғау органдарының өкілдері сырт адамдардың абақтыға кіріп, тұтқынды ұруына қалай жол берілгені жөнінде айтпаған.

Рамзан Қадыров ұлының әрекетіне бүгінге дейін баға бермеген. Бұл жолы "ұрды және дұрыс істеді" деген және Журавельді "Украина арнаулы қызметінің қолшоқпары" деп атаған. Оның сөзінше, мемлекет "толерантты, төзімді, бір-бірін құрметтейтін қоғам қалыптастырып жатқанда, Журавель сияқты арандатушылар кедергі жасайды".

  • Волгоградта құран өртелгені туралы видео әлеуметтік желіде 19 мамырда шыққан. Екі күннен соң жергілікті тұрғын, Украинада туған, Волгоградта тамақ тасушы болып істейтін Никита Журавельді ұстаған. Ол аннексияланған Қырымнан Волгоградқа барған.
  • Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин Журавельдің ісін Шешенстанға бергізген.
  • Былтыр қазанда Рамзан Қадыров кәмелетке толмаған үш ұлы - Ахмат, Әли және Адамның Украинадағы ұрыс қимылдарына қатысқанын мәлімдеген. Онысына дәлел ретінде балаларының пулемёт пен гранатомётпен атып тұрғанын көрсететін видео жариялаған. Шешенстанның оппозициялық телеарналары детальдарына қарап, видеоның тылда түсірілгеніне назар аударған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG