Accessibility links

245 адамның умра қажылыққа жинаған ақшасын "жымқырған" фирма директоры сотталды


Умра қажылыққа алып барамын деп ақша жинаған Медет Мұратбайұлы сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 26 қыркүйек 2023 жыл
Умра қажылыққа алып барамын деп ақша жинаған Медет Мұратбайұлы сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 26 қыркүйек 2023 жыл

26 қыркүйекте Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Kausar Travel" компаниясының директоры, 27 жастағы Медет Мұратбайұлын Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша айыпты деп есептеп, алты жылға бостандығынан айырды. Айыпталушы тағылған айыпты мойындамайды, үкіммен келіспейді.

Судья Әйнел Орақбаева шығарған үкім бойынша туризм саласында жұмыс істеу құқығы 5 жылға шектелген Медет Мұратбекұлы түрме жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.

Сотталушы 29 қаңтарда қамауға алынған. Сот шешіміне дейін қамауда отырған бір тәулігі жазаны өтеу мерзімінің бір жарым күніне есептелген.

Қылмыстық іс материалына қарағанда, Медет Мұратбайұлы Instagram парақшасы арқылы 245 адамды Сауд Арабиясына умра қажылыққа апаратыны жөнінде хабарландыру жариялап, 254 млн теңгеден аса ақша алған.

Сотта "Kausar Travel" компаниясының директоры Медет Мұратбайұлы тағылған айыпты мойындамады, өкініш білдірмеді. Ол ақшаны парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, әнші Бекболат Тілеуханға бергенін мәлімдеді.

"Қазір 238 адам қалды. Қалған адамдардың ақшасын қайтардық. Компанияның 522 млн теңгесін, өзімнің 328 млн теңгемді Бекболат Тілеуханға бердім. Ақшаны аударғанымды растайтын банк құжаттары бар. Оны көрсете аламын. Бекболат Тілеуханның үстінен ҰҚК-ға, полицияға арыздандым" дейді сотталушы.

Бұдан бұрын Бекболат Тілеухан бұл іске қатысы жоқ екенін, халықтың ақысын жымқырмағанын әлеуметтік желіде мәлімдеп, құран ұстап ант еткен.

Судья айыпталушы іс бойынша Бекболат Тілеуханның атын атағанымен, оны айыптауға дәлел келтіре алмады деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG