Accessibility links

Тәжікстанда ұн бір аптада шамамен 20 пайыз қымбаттады


Тәжікстанда халық тұтынатын ең басты азық-түлік түрі – ұн бір аптаның ішінде 18 пайыз қымбаттаған. Билік өкілдері мен кәсіпкерлер бағаның өсуіне қатысы жоқ екенін айтып отыр.

25 қыркүйекте Душанбе базарларында бірінші сорттағы ұнның бір қабы 330 сомонидан (шамамен 30 доллар) сатылып жатты. Он күн бұрын бір қап ұн 270 сомони болған.

«Ұн бірден 100 сомониге қымбаттап кетті. Себебі белгісіз. Ал халқымыз үшін нан – басты ас екенін бәрі біледі» деді Душанбе тұрғыны Азам Худойдодов.

Кәсіпкерлер ұн сыртқы факторларға байланысты қымбаттап жатқанын алға тартып отыр.

«Ұн Қазақстанның өзінде қымбат, енді сол қымбатшылық бізге де жетті. Қазақстанда биыл егістің жарымы ауа райының қолайсыздығынан күйіп кеткен. Ұн ол жақта да қымбат» дейді ұн сатушы Исмоил Нұров.

Тәжікстан билігі де елде ұнның қымбаттауын Қазақстандағы бағамен байланыстырып отыр.

Тәжікстан қазір астықтың бір тоннасын 350 долларға сатып алып жатыр. Төрт ай бұрын бір тонна астық 240- 260 долларға сатылған.

Ресми мәлімет бойынша, биыл сегіз айда 61 компания Тәжікстанға 590 тоннадан астам астық жеткізген.

Бұған дейін Азаттық Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, әсіресе Шымкентте ұн қымбаттағанын жазған. Саудагерлер сөзінше, баға күн санап өсіп жатыр. Мәселен қыркүйек ортасында бір қабы 12 мың теңгеге сатылған ұн 22 қыркүйекте 17 мыңнан сатылған.

Қазақстанда ұн өнімінің күрт қымбаттауын кей сарапшы кей өңірдегі бидай, ұн тапшылығымен байланыстырады. Айтуларынша, кейінгі кезде ішкі нарықтағы жүк тасымалы тоқтап, шаруалар қиналып қалған. Яғни астықты аймақтардан оңтүстікке өнім жеткізу тиісті мөлшерден екі есе азайды дейді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Қазақстанда жұрт көп тұтынатын азық-түлік бағасы 12,4 пайыз өскен. Нарықта күріш, қырыққабат, сүт консервілері, нан, жарма өнімдері қымбаттағаны байқалады.

Оңтүстікте ұн қымбаттады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG