Өзін республика жариялаған Таулы Қарабақтан Арменияға кейінгі мәлімет бойынша 19 мың адам қоныс аударған. 2,5 мыңы баспанамен қамтамасыз етілген. Бұл жөнінде Армения үкіметі хабарлады. 26 қыркүйекте таңертең аймақтан 13,5 мың адам кеткені хабарланды.
Қарабақтан кеткендердің көбі Арменияның Әзербайжанмен шекарасындағы Сюник облысына тоқтаған. Онда босқындарды қабылдайтын орын ашылған.
Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиев Twitter-де Горустан Ханкендіге (армянша Степанакерт деп аталады) медициналық эвакуация және гуманитарлық жүк жеткізуге жағдай жасау үшін Баку халықаралық Қызыл Крест ұйымының кіруіне кедергі жасамайтынын жазды.
19 қыркүйекте Әзербайжан астыртын шабуыл жасап жатыр деп армян күштерін айыптап, Таулы Қарабақ аумағында әскери операция бастаған.
20 қыркүйекте өзін республика жариялаған аймақтың билігі Бакудың шарттарымен келіскен. Әзербайжан билігі Қарабақтағы армян халқын "қайта біріктіру" бойынша келіссөз жүргізуге әзір екенін мәлімдеген.
Кейінгі бірнеше күнде Әзербайжан билігі мен армян халқының өкілдері екі рет кездесу өткізген, онда өзге мәселелермен қатар Қарабақта қалғысы келетін тұрғындардың құқық мәселесі талқыланған. Дегенмен нақты қадамдар туралы айтылмады.
Өзін республика жариялаған аймақ билігінің мәліметіне қарағанда, Таулы Қарабақта 120 мың армян тұрған. Олар Баку юрисдикциясы аясында өмір сүргісі келмегендіктен аймақтан көшетіні айтылған.
2021 жылы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қарабақ аумағында Ресей әскерінің бақылауында 25 мың армян өмір сүріп жатыр деп мәлімдеген. Баку өкілдерінің сөзіне сүйенген BBC арнасының хабарлауынша, Қарабақта шамамен 50 мың армян тұрған.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян бұған дейін Армения Қарабақтың 40 мың тұрғынын қабылдауға дайын деп мәлімдеген. Пашинян Әзербайжан билігін "халықты ұлтына қарай бөліп, қудалады" деп айыптады.
Вашингтон Әзербайжанның әскери қимылын сынап, аймаққа бақылау миссиясын жіберуге шақырған. Ресей Қарабақта бақылаушылар Бакудің келісімімен бола алады деді.
- Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. Үш жыл бұрынғы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін бақылауына алған.
- Әзербайжан мен Армения бейбіт келісімге қол қоймаған. АҚШ, Еуроодақ және Ресей арасында келіссөз әзірге нәтиже әкелген жоқ. Әзербайжан мен Армения басшыларының кезекті кездесуі қазан айының басында өтеді.