Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында стендтік атудан Қазақстан әйелдер құрамасы алтын медаль жеңіп алды.
Sports.kz сайтының жазуынша, қазақстандық спортшылар 50 нысанасы бар скит жарысында 350 ұпаймен қарсыластары Қытай, Таиланд спортшыларынан озған. Қазақстан атынан бұл жарысқа Зоя Кравченко, Әсем Орынбай және Ольга Панарина қатысқан.
Бұл Қазақстанның Азияда ойындарында иеленген оныншы медалі. Бір алтыннан бөлек, қазақстандық командалардың қоржынында екі күміс, 7 қола бар.
Дүйсенбі күні қазақстандық дзюдоистер Абылайхан Жұбаназар мен Есмигүл Куюлова өзбекстандық спортшыларды жеңіп, қола медальға ие болған.
Оның алдында спорттың осы түрінен Әбиба Әбужақынова – күміс, Мағжан Шамшадин тағы бір қола ұтып алған.
Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындары 8 қазанға дейін созылады.