Әлемдегі ірі криптовалюта биржаларының бірі Binance Ресей нарығынан кетеді. Компания Ресейдегі бизнесін CommEX компаниясына сатқанын мәлімдеді.
Тамыз айында биржа ресейлік клиенттеріне рубльден басқа кез келген валюта түрімен операция жүргізуге тыйым салғаннан кейін Ресейдегі бизнеске жауапты басты менеджерлер компаниядан кеткен.
"Болашаққа зер салсақ, Ресейде жұмыс істеу Binance стратегиясына сәйкес келмейтінін мойындаймыз" деді компания өкілі Ной Перлман.
Хабарламада Ресейдегі бизнес кірістің бір бөлігімен бөлісу құқығынсыз сатылғаны жазылған.
Binance Ресейдегі барлық биржа сервистерін алдағы бірнеше айда жабады. Қолданушыларға жаңа платформаға көшетіні жөнінде ескерту берілмек.
Биржаның Ресей нарығынан кету процесі шамамен бір жылға созылмақ. Бұл уақыт пайдаланушыларды жаңа платформаға біркелкі аударуға қажет.
Ресей биржаның көмегімен батыс санкциясын айналып өтуі мүмкін деген күмән ұлғайған шақта Binance Америка және Еуропа реттеушілерінің назарына ілінген. Биржа санкцияға енген ресейлік банктерден ақша аударымдарын қабылдаған, соның көмегімен Ресейдегі клиенттер ақшаны сыртқа шығарған.
- Forbes журналының мәліметінше, Ресейдегі қолданушылардың үлесі криптобиржа айналымында 20 пайызды құраған. Алайда ірі криптобиржалар ресейлік қолданушыларға шектеу қойып жатыр. OKX барлық платформаларында рубльмен барлық операцияларға тыйым салды. Coinbase 2022 жылы Ресеймен байланысты 25 мың қолданушыны бұғаттаған. KuCoin және ByBit "Сбербанк" және "Тинькофф" транзакцияларын қабылдауды тоқтатты.
ПІКІРЛЕР