Бұған дейін жауапкер - Күршім ауданының әкімдігі департамент уәжімен келісіп, жер бөлу туралы қаулысын "жойған" еді.
“Бүгінгі таңда фабрика 80 пайыз салынып қойды, бұған өте көп қаражат жұмсалып отыр, оны да есепке [алу керек]… Әрине, келіспесеңіздер, 30 күн ішінде шағым беруге құқықтарыңыз бар. Бұл жерде сот берілген талаптар бойынша ғана істі қарап, шешім шығарды” деді Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Нұрлан Нұрсапинов.
Күршім аудандық жер ресурстарын басқару департаменті Маралды ауылында салынып жатқан алтын өндіру фабрикасына жер телімі заңсыз берілген деп есептеп, тамызда сотқа жүгінген.
Жер ресурстарын басқару департаментінің уәжіне қарағанда, ауыл шаруашылығына қатысы жоқ нысан тұрғызу үшін топырақ құнары ең төмен жер таңдалуға тиіс. Ал фабрикаға егістікке жарамды, құнарлы жер берілген. Бұл жердің нысаналы мақсаты “ауыл шаруашылығына арналған жерден” “өндірістік жерге” ауыстырылғаны негізсіз болған.
Сонымен бірге жер таңдау кезінде тиісті органдардың “келісімі болмаған”, ауыл халқының “мүддесі де ескерілмеген”. Халық кен алу прцесі кезінде “экология бұзылады” деп наразы болып келеді.
Осылайша жер ресурстарын басқару департаменті аудан әкімдігінің былтыр наурызда “ВСАМ Продакшн” компаниясына 95 гектар жерді 10 жыл пайдалануға беру жөнінде шығарған қаулысын жарамсыз деп танып, екеуара келісімшартын тоқтатуды талап еткен.
Істегі жауапкер Күршім ауданы әкімдігінің өкілі бұл талаптармен келісіп, қаулыларды “жойғанын” айтқан.
“Қаулылардың күшін жою туралы талаппен келісеміз. Өйткені осыдан бұрын жер ресурстарын басқару комитетінің тексеру нәтижесі және экология министрлігінің хаты бойынша аталған қаулыны жойғанбыз. Қаулы жойылды деп сот барысында құжаттар ұсындық. Талапкердің талап-арызымен келісеміз” деді аудан әкімдігінің өкілі Жасұлан Мәжібаев.
Ал екінші жауапкер “ВСАМ Продакшн” компаниясы болса, “қаулының күшін сот шешімімен жоюға, келісімшартты тоқтатуға қарсы” болды. Олардың пікірінше, жерді алған кезде нысаналы мақсаты “өнеркәсіптік жер” деп көрсетіліп тұрған. Компания “экологиялық заң бұзушылыққа бармаған”. Жер телімі ауылдан “қашықта” орналасқан, сондықтан “тұрғындар мүддесіне әсер етпейді”.
Прокурор да сотта қойылған талаптар “негізсіз” деген пікір айтты. Оның айтуынша, фабрика салушы компания салық міндетін орындаған жоқ, ауыл шаруашылығы шығынын өтеген жоқ деген дәлелдер ұсынылғанымен, кәсіпорын қазір берешегін төлеп қойды. Жер телімі аукцион арқылы “заң шеңберінде” берілді. Жердің нысаналы мақсатын әкімдіктің өзі өзгерткен. Ал топырақ құнарының сапасы 1990 жылы тексерілген, одан бері тексеру жүргізілмеген, сондықтан “жердің ауыл шаруашылығына жарамдылығы, оның бонитет балы жоғары екені расталмаған” деді ол.
Процеске үшінші тұлға ретінде қатысқан Маралды ауылының тұрғындары шешімге наразы екенін айтты.
“Зауыт салынбасын, біз ешқашан келісім бермейміз. Сот - спектакль. Неге сот Күршім ауданында өтпеді? Сонда судья жерді барып көретін еді. Кабинетте отырған судья ештеңе көріп отырған жоқ, жазылған жалған есептерге қарайды. Олардың жалған екенін мамандар дәлелдеп жатыр” деді сотқа наразы болған бір топ адам атынан сөйлеген Қанат Бұқбаев.
Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап жатыр. Ал "ВСАМ Продакшн" компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні туралы ақпарат тараған.
Тұрғындар экологияға алаңдап, алтыны бар кенді ашық әдіспен алуға наразы болған. Олар бірнеше рет наразылық жиынын өткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін үндеу жасаған. Кейін Күршім ауданы әкімдігі фабрика құрылысы уақытша тоқтатылды деп мәлімдеген. Тұрғындар құрылыс тоқтағанына сенімсіздік білдіріп келеді.
Азаттық фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен биыл босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған.
ПІКІРЛЕР