28 қыркүйекке қараған түні Ташкент әуежайының маңындағы кеден қоймасында қуатты жарылыс болды, соңы өртке ұласты. Бұл жөнінде Өзбекстан билігінің мәліметіне сүйенген Өзбекстанның ақпарат құралдары жазды. Жарылыстың салдарынан маңайдағы көп қабатты тұрғын үйлердің терезелері сынған. Зардап шеккендер бар, бірақ саны айтылмайды. Таңға қарай өрт оқшауланған.
Өзбекстан төтенше жағдай министрігі, кеден комитеті және өзге де ведомстволарға сүйенген Gazeta.uz сайтының жазуынша, жарылыс түнгі сағат 2:43-те Ташкенттің Сергелі ауданы Құрылысшылар массивінде орналасқан "Интер логистикс" компаниясының қоймасында болған. Жарылыстың салдарынан маңайдағы үйлердің терезелері сынып, үй іші бүлінген. Жарылыстың соңы өртке ұласқан.
Gazeta.uz жариялаған суреттерден маңында тұрғын үйлер орналасқан нысанның лаулап жанып жатқаны көрінеді. Маңайдағы кейбір үйлердің терезелері шағылып, үй іші едәуір қираған.
Ташкент уақытымен таңғы сағат 5-те өрт оқшауландырылған. Әлеуметтік желіде ұшақтың құлағаны туралы сыбыс тараған, мұны төтенше жағдай министрлігі терістеген.
Uzbekistan Airports компаниясы жарылыс Ташкент әуежайының жұмысына әсер етпегенін хабарлады.
"Ташкент халықаралық әуежайы қалыпты жұмыс істеп жатыр" деп жазылған ведомство хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігі жараланғандар шұғыл медициналық көмек көрсету жөніндегі республикалық ғылыми орталығы мен оның Ташкент облысындағы бөлімшелеріне жеткізілгенін хабарлады. Бірақ ведомство қанша адамның жараланғанын айтпады. Қаза болғандар бар-жоғы да белгісіз.
"Жараланғандар арасында ауыр жарақаттанғандары жоқ. Дәрігерлер зардап шеккендерге тиісті көмек беріп жатыр" деп жазылған хабарламада.
ПІКІРЛЕР