Accessibility links

Жаңаөзенде үш мекеменің жұмысшылары бірнеше күннен бері әкімдік алдында талап айтып тұр


"ӨзенИнвест", "Таза су" және Verity Group жұмысшылары ауысымдарды қысқартпауды талап етіп, бірнеше күннен бері әкімдік алдында тұр. Жаңаөзен, 28 қыркүйек 2023 жыл. Оқырман жіберген сурет.
"ӨзенИнвест", "Таза су" және Verity Group жұмысшылары ауысымдарды қысқартпауды талап етіп, бірнеше күннен бері әкімдік алдында тұр. Жаңаөзен, 28 қыркүйек 2023 жыл. Оқырман жіберген сурет.

Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында "ӨзенИнвест", "Таза су" және Verity Group мекемелерінің жұмысшылары 25 қыркүйектен бері әкімдік алдында жиналып тұр. Олардың негізгі талабы – "Өзенмұнайгазға" ауысу квотасын азайтпау.

"Бізде ауысымды қысқартып жатыр. Ұзын сөздің қысқасы "узкая специальность" деп қапталдан ақшамен адам алып жатқанға ұқсайды. 500 адамның ішінде қолынан келетіндері бар. Бірақ оларды жұмысқа алмайды да басқа жақтан алады" деді наразы жұмысшылардың бірі Амантай Бөкенов Азаттыққа.

Оның айтуынша, жұмысшылар 99 мың теңгемен мынадай қымбатшылық жағдайында зорға күнелтіп отыр. Ауысым санын қысқартса, жұмысшылардың жағдайы онан әрі қиындамақ.

– Бұрын 40 еді, қазір 20 адамнан алып жатыр. Соны қайта 40 қылып берсін деп тұрмыз, – деді наразылардың бірі Мейірбек Жеңіс.

Әкімдік алдында қанша адам тұрғанын дөп басып айту қиын. Жұмысшылардың Азаттыққа жіберген видеосында әр жерде адамдардың топтасып тұрғаны көрінеді. Жұмысшылардың өздері "әкімдік алдында шамамен 400-ден астам адам" тұрғанын айтады. Lada.kz сайты бір күн бұрын әкімдік алдына 170-тен астам адам жиналғанын жазды.

Бір күн бұрын интернетте үш мекеме жұмысшыларының Қазақстан билігіне үндеуі жарияланды. Наразылар үндеуді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Айбек Қосуақовқа және "Өзенмұнайгаз" бас директоры Нұрдәулет Қилыбайға жолдады.

"Аутсорсинг мекемесіне әр ауысым сайын 40 адамнан төмен түсірмеуді талап етеміз" деді үндеуді оқыған адам.

Жұмысшылар үндеуінде әйел адамдар санын да төмендетпеуді талап еткен. Олар компания басшыларынан ереуілге шыққан жұмысшыларды қудаламауды сұраған.

Жұмысшылардың айтуынша, бір күн бұрын прокуратурадан адамдар келіп, шараның "заңсыз" екенін ескертіп кеткен. Ал қазір аумақты полиция сырттай бақылап тұр.

Азаттық 28 қыркүйекте үш мекемеге хабарласып көрді, алайда жауап ала алмады.

Тамыз айының соңында да жүзден аса адам Маңғыстау облысындағы ең ірі мұнай-газ компаниясы – "Өзенмұнайгаз" ғимаратының алдына жиналып, ауысу квота санын азайтпауды талап еткен. Сол кезде жұмысшылармен "Өзенмұнайгаз" өкілі кездескен, бірақ ол квота санын азайтпау туралы өтініш орындалмайтынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG