Accessibility links

Ташкенттегі қуатты жарылыстан бір адам қаза болып, 163 адам зардап шеккен


Ташкенттегі жарылыс.
Ташкенттегі жарылыс.

Ташкенттің Сергелі ауданындағы қоймада болған жарылыстан 16 жастағы жасөспірім қаза болып, 163 адам зардап шекті. Бұл туралы Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Мекеме мәліметінше, 24 адам ауруханаға жатқызылған.

Қалған 138 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйге жіберілген.

28 қыркүйекке қараған түні Ташкент әуежайының маңындағы кеден қоймасында қуатты жарылыс болды, соңы өртке ұласты. Жарылыстың салдарынан маңайдағы көп қабатты тұрғын үйлердің терезелері сынып, іші қираған.

Өзбекстан төтенше жағдай министрігі, кеден комитеті және өзге де мекемелеріне сүйенген Gazeta.uz сайтының жазуынша, жарылыс түнгі сағат 2:43-те Ташкенттің Сергелі ауданы Құрылысшылар массивінде орналасқан "Интер логистикс" компаниясының қоймасында болған.

Ташкент уақытымен таңғы сағат 5-те өрт оқшауландырылған. Әлеуметтік желіде ұшақтың құлағаны туралы сыбыс тараған, мұны төтенше жағдай министрлігі терістеген.

Uzbekistan Airports компаниясы жарылыс Ташкент әуежайының жұмысына әсер етпегенін хабарлады.

Ташкент қаласы басшысының міндетін атқарушы Шавкат Өмірзақов жарылыстың салдарынан үйлері бүлінген азаматтарға екі-үш күнде өтемақы берілетінін айтты.

Президент Шавкат Мирзияевтің тапсырмасымен үкімет комиссиясы құрылған. Ол төтенше оқиғаның себебін зерттеп, салдарын жою және зардап шеккендерге көмек беру мәселесін қарайды.

Жарылыстың салдарын жоюға және аумақты тазалауға Ташкент әскери округы, қарулы күштер академиясы мен құпия нысандарды күзет әскері басқармасының мың шақты әскери қызметкері жұмылдырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG