28 қыркүйекте НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Киевке барды. Ол онда Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, әуе шабуылына қарсы қорғанысты күшейтуді талқылаған. Мұнан соң олар баспасөз мәслихатын өткізді.
"Украин әскерін қиян-кескі шайқас күтіп тұр, бірақ олар біртіндеп алға жылжып жатыр. Украина әскері әрбір метр жерді қайтарған сайын Ресей сол жерден айрылады. Дәл осы тұста үлкен айырмашылықты байқауға болады: украиндар өз отбасы, болашағы, бостандығы үшін күресіп жатыр, ал Мәскеу – империалистік иллюзия үшін” деді Столтенберг. Оның сөзінен Reuters үзінді келтіреді.
УНИАН тілшісінің мәліметінше, Зеленский баспасөз мәслихатында "Бүгін де-факто одақтастар туралы әңгіме болды. Украинаның альянс құрамына енетіндігі — уақыттың еншісінде. Сол сәтті жылдамдату үшін бәрін жасаймыз" деген.
Зеленский Украинаның әуе қорғанысы жүйесін күшейту қажеттігін атап өтіп, өткен түні Украинаға 40-тан астам ирандық "Шахед" дроны шабуылдағанын айтты.
"Және мұндай нәрсе күн сайын қайталанып жатыр. Украиндарға, қалаларымызға, ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды порттарымызға шабуыл үдеп жатқан тұста сәйкесінше Ресейге қысымды күшейту керек, әуе қорғанысын жақсартуымыз керек" деді Зеленский.
Столтенберг сөз арасында НАТО-дағы одақтастарын Украинаға көмек беруге және Киевке әуе қорғанысын күшейтетін қаруды тезірек жеткізуге "үнемі итермелейтінін" алға тартқан.
ПІКІРЛЕР