Accessibility links

Путиннің досы "Батысты қорқыту үшін" Жаңа жерде ядролық сынақ жүргізуге шақырды


Владимир Путин мен Михаил Ковальчук
Владимир Путин мен Михаил Ковальчук

"Курчатов институты" ұлттық зерттеу орталығының жетекшісі Михаил Ковальчук "Батысты қорқыту үшін" Жаңа жерде ядролық қару сынауға шақырды.

Ковальчук Батыс елдерінің Ресейге барған сайын "тым көп агрессия көрсете бастағанын" алға тартқан. Ол "1961 жылы СССР АҚШ-тың агрессиясына жауап ретінде әлемдегі ең қуатты "Царь-бомба" термоядролық бомбасын сынақтан өткізген кезді" еске салған. "Бұдан кейін америкалықтар бірден сөзге келді" деді Ковальчук.

"Қазір дәл сондай жағдай туындап тұр. Жаңа жерде сынақ жүргізсе жетіп жатыр... Тым болмағанда бір рет. Сонда бәрі қалпына келеді" деді "Курчатов институтының" жетекшісі. Оның сөзінен РИА "Новости" үзінді келтіреді.

Ақпан айында Ресей президенті Владимир Путин федералдық жиынға жолдауында егер АҚШ ядролық қару сынаса, Жаңа жердегі полигонды ядролық қару сынауға дайындауды тапсырған.

Путин сонымен бірге Ресей стратегиялық шабуыл қарулары туралы келісімнен де шығатынын мәлімдеген. Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресейдің келісімнен шығуын "өте өкінішті және жауапсыз" қадам деп атаған.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен "Росатом" жетекшісі Алексей Лихачев тамыз айында Жаңа жердегі полигонды ұшақпен айналып қарап көрген. Мұнда 1954-1990 жылдар аралығында СССР ядролық қару сынаған.

  • Жаңа жерде "Царь-бомбы" сынағы 1961 жылы 30 қазанда жүргізілген. Аталған бомбаның қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған америкалық "Малыш" бомбасынан бірнеше мың есе жоғары. Жарылыс толқыны Жерді үш рет айналып өткен. АҚШ осыған ұқсас ядролық сынақтарды 1950 жылы жүргізген. Соңғы ядролық сынақ СССР-да – 1990 жылы, АҚШ-та 1992 жылы жүргізілген.
  • Михаил Ковальчук — Ресей президентінің жақын досы, "Россия" банкі жетекшісі Юрий Ковальчуктің бауыры. Михаил Ковальчукты Украинамен соғыс идеологтарының бірі деп атайды.
  • Жуырда CNN телеарнасы спутник суреттеріне сүйене отырып, Ресей 2022 жылдың ақпан айынан бері Солтүстік Мұзды мұхитындағы Жаңа жер архипелагында ядролық полигонды кеңейткен деген тұжырым жасаған. Суреттерге сүйенсек, 2021-2023 жылдар аралығында архипелагқа кемелер мен көлік контейнерлері келген, таудан туннель қазылып, қыста жолдар тазаланған. CNN мәліметінше, ядролық полигондарды қайта жандандыру жұмыстарымен Қытай мен АҚШ та айналысып жатыр.
XS
SM
MD
LG