Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездесу кезінде адам құқығы мәселесін қозғауға тиіс. Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы 28 қыркүйек күнгі хабарламасында осылай деп мәлімдеді. Құқық қорғаушылар Германия Орталық Азия елдерінен адам құқығы мен құқық үстемдігі стандарттарын сақтайтыны туралы кепілдікке қол жеткізуі керек деп санайды.
28 қыркүйекте жарияланған HRW мәлімдемесінде Берлиндегі кездесудің басты тақырыбы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейінгі Орталық Азиядағы ахуал болатыны жазылған.
"Германия Орталық Азия елдерінің басшыларын Мәскеуге батыс санкциясын айналып өтуге көмектесуден бас тартуға үндейді деген болжам бар" деді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон. Оның сөзінше, Германия билігі аймақтағы күрделі адам құқығы ахуалына байланысты Орталық Азия елдерінің басшыларына қысым жасау мүмкіндігін жіберіп алмауы керек.
HRW Берлинді Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездесу кезінде оларға Еуропа елдерінің үкіметімен ұзақмерзімді әріптестікті орнату үшін аймақта адам құқығы мен заң үстемдігін сақтау қажеттігі жөнінде еске салуға шақырды.
"Орталық Азия елдерінде саяси себеппен қудалау, сөз бостандығын тұншықтыру, адам азаптағандарды жазаламау сияқты көптеген оқиға бар" деді Хью Уильямсон. Ол мысал ретінде былтыр Қазақстан мен Өзбекстанда болған қантөгістерді еске салды. Соның салдарынан 250-ден астам адам қаза болған. HRW Таулы Бадахшандағы наразылықты басып-жаншып, оппозиция жақтастарын қудалағаны үшін Тәжікстан билігін де сынады.
Хью Уильямсонның айтуынша, Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін туындаған күрделі жағдай Орталық Азия елдерінің басшыларын өзге елдермен, оның ішінде ЕО елдерімен қарым-қатынасты дамытуға мәжбүрлегенін атап өтеді. Оның сөзінше, Еуропа елдері адам құқығы мен азаматтардың еркіндігін сақтау жағдайына қарай Орталық Азиямен әріптестікті дамытуы керек.
29 қыркүйекте Орталық Азияның бес елінің басшылары "5+1" форматы аясында Германия президентімен кездеседі. Ол Германия президентінің резиденцисы – Берлиндегі "Бельвью" сарайында өтеді.
Бір апта бұрын ОА елдерінің басшыларымен "С5+1" форматта АҚШ президенті Джо Байден кездескен.
Оппозициялық Тәжікстанның ұлттық альянсы ұйымы және "24 тобы" 29 қыркүйекте Берлинде наразылық акциясын өткізеді. Өзбекстан мен Түркіменстан билігінің саяси қарсыластары да Берлинде соған ұқсас шара өткізбекші.