29 қыркүйекте – Берлинде "Орталық Азия – Германия" саммиті өтетін күні шетелде жүрген ОА елдерінің оппозиция белсенділері президенттер жиналатын сарай алдына жиналып, наразылық акциясын өткізді.
Олар Орталық Азия елдерінің басшыларынан "Путин режиміне халықаралық санкцияны айналып өтуге көмектеспеуді" талап етті. Бұған қоса, "Ресейдің Украинаға қарсы әскери басқыншылығын жария түрде айыптауды, аталған бес елде Кремль пропагандасының үнін өшіруді" талап етті.
Шетелде жүрген оппозиция белсенділері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Түркіменстан жетекшісі Сердар Бердімұхаммедовтен сөз бостандығын жақсартып, журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, саяси, діни және өзге белгілер бойынша адамдарды қудалауды доғаруды талап етті. Олар таратқан хабарламада оппозиция партиялары мен билікті сынайтын қозғалыстарды елдегі парламент және президент сайлауларына қатыстыру туралы да талап жазылған.
"Орталық Азия – Германия" саммиті өтетін сарай алдына жиналған өзбек белсенділері президент Шавкат Мирзияевтің кортежі өткенде "Мирзияев – Путиннің вассалы" деп айқайлады. Видеоны "Еркін Өзбекстан" ұйымы жариялады.
Германия қазағы Раушан Толғанбаева бір күн бұрын да Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинге келген күні канцлерампт алдында акция өткізіп, "Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектескені үшін" Қазақстан президентіне жеке санкция салуға шақырған. Ол Қазақстан президентінің сапары туралы ақпараттты кеш білгенін, акция өткен шақта канцлерамптан қазақ делегациясы кетіп қалғанын айтты.
– Тоқаевқа жеке санкция салуды талап етіп келдім, себебі ол Путинге соғыста көмектесіп жатыр. Германия және бүкіл әлем мұны біліп отыр. Бұған көз жұма қарап отыр. Сол себепті шығып, осыны еске салу маңызды. Бұған дейін Нью-Йорктегі қазақтар да Тоқаев АҚШ-қа барған кезде оған санкция салуды талап еткен. Тоқаевтың Германияға келгенін пайдаланып өзімнің пікірімді айту үшін осы жерге келдім, - деді 29 қыркүйекте Раушан Толғанбаева Азаттыққа.
Жұма күні "Белвью" сарайының алдында оппозиция акция өткізіп жатқан шақта ол жаққа билікшіл адамдар да келіп, ОА елдері басшыларының кортежі өткен кезде ту көтеріп тұрды. Олардың саны оппозицияға қарағанда әлдеқайда басым болды.
Бұған дейін өзге елдермен қатар Қазақстан да Ресейге Батыс санкциясын айналып өтуге көмектесті деген күдікке ілінген еді. Биыл мамыр айында халықаралық зерттеуші журналистер тобы Ресейге Қазақстан арқылы дрон мен микросхема тасымалдаған екі компанияны анықтаған. Жазда Азаттық радиосы Ресейге Украинадағы соғыста қолданылып жатқан екі мақсаттағы тауар түрлерін қазақстандық компаниялар экспорттап жатқанын, электронды бөлшектердің сауда статистикасы қатты өскенін көрсеткен зерттеу жариялаған.
Германияда ресми сапармен жүрген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір күн бұрын Астана Батыстың Ресейге қарсы санкция ережелерін бұзбайды деп мәлімдеген.
"Біз санкция режимін сақтау бойынша тиісті ұйымдармен хабарласып отырмыз. Неміс тарабы санкция режимін айналып өтуге бағытталған қимыл-әрекет болады деген қауіптенбесе болады" деді Тоқаев.
ПІКІРЛЕР