Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары кезінде Қазақстан "Ресейге қарсы емес" деп мәлімдеді. Мемлекеттік "Қазақпарат" агенттігі тілшісінің сұрағына жауап берген президент солай деп мәлімдеген.
"Қазақстан "Ресейге қарсы" емес, Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық бағытын берік ұстанамыз, бізді әлем бойынша (құрлықтағы) ең ұзын шекара біріктіреді. Сол баспасөз конференциясында айтқанымдай, бізде сауда және гуманитарлық байланыстарды қоса алғанда, түрлі саладағы әріптестікте бұрыннан келе жатқан дәстүрлер бар" деді Қазақстан президенті.
Тоқаев Берлиндегі сөзіне қатысты жекелеген ресейлік БАҚ пен саясаткерлердің “сыни пікіріне” осылай жауап берген. Ол Германияға ресми сапары кезінде Астана Батыстың Ресейге қарсы санкция ережелерін бұзбайды деп мәлімдеген. Жекелеген ресейлік саясаткердің ойынша, Қазақстан Ресеймен әріптестіктен "бас тартып", "Батысқа жағынып жатыр".
Тоқаевтың пікірінше, санкциялық текетірес "жаһандық жағдайдың шиеленісуі нәтижесінде эрозияға ұшыраған халықаралық қатынастарды қалпына келтіру тұрғысынан мүлдем кері әсер етеді".
Бір күн бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Германиядағы сапары барысында Қазақстан Ресей аумақтық талап қояды деп қауіптенбейді деп мәлімдеген еді.
"Ресей мен Қазақстанның шекарасы делимитацияланып, едәуір дәрежеде демаркацияланған. Екі елдің парламенттері бекітіп, ратификациялаған. Сондықтан Ресей аумақтық талап қояды деген қауіп жоқ", - деген еді ол
Ресейлік саясаткерлер оқтын-оқтын Қазақстанға "аумақтық талап" қойып келеді. Әсіресе, Украинада соғыс басталғаннан кейін бірқатар ресейлік саясаткерлердің арандату сипатындағы мәлімдемелері жиілеген, кейбір қазақстандықтар мұны республиканың территориялық тұтастығына қол сұғу деп бағалаған.