Швейцария бас прокуратурасы 28 қыркүйекте елдің федералдық қылмыстық сотына Өзбекстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға қарсы айыптау қорытындысын тапсырды. Прокуратура Гүлнара Каримованың бұғатталған 440 млн швейцар франкын (шамамен 500 млн доллар) тәркілеуді сұрады.
Ақпаратқа қарағанда, Каримова 2001 жылдан бастап 2013 жылға дейін "Офис" деп аталатын қылмыстық ұйымға жетекшілік еткен деген күдікке ілініп отыр, оның құрамына бірнеше ондаған адам кірген. Ұйым "қорқыту-үркіту, озбырлық жасаумен айналысқан" деп айтылады.
Швейцарияның құзырлы органдарының болжамынша, Каримова "осы ұйымды құруға және қылмыстық қызметін бастауға қатысқан,Швейцарияда "Офис" компаниясы мен оның мүшелері атынан банк есепшот ашқан, қылмыстық жолмен түскен активтерді сонда аударып отырған, қаржы операцияларын негіздеу үшін жалған құжат дайындаған".
Айыптау қорытындысында Өзбекстанның телекоммуникация саласында жұмыс істегісі келетін шетел компаниялары Каримоваға пара төлеуі тиіс болғаны, Гүлнара "өзбек президентінің қызы және өзбек шенеунігі мәртебесін пайдаланғаны", сол арқылы шексіз ықпалға ие болғаны да айтылған.
Тергеу аясында 340 миллионнан астам швейцар франкы ($370,25 млн) Өзбекстанға қайтару мақсатында тәркіленген. Бұғатта әлі 440 миллион франк жатыр.
Швейцария федералдық прокуратура тергеуі 2012 жылы басталды. Тергеу барысында 780 миллион швейцар франкы, соның ішінде жылжымайтын мүліктер, қолма-қол ақша және бағалы заттар тәркіленді.
Осы қылмыстық іс бойынша Швецияда, Францияда, Норвегияда, Нидерландта, АҚШ пен Ұлыбританияда тағы бірнеше іс қозғалған.
Гүлнара Каримованың шетелде 1,4 млрд долларға жуық ақшасы бары мәлім болған. Өзбекстан үкіметі соның бір бөлігін қайтаруға тырысып жатыр.
ПІКІРЛЕР