Accessibility links

Ақтастағы белсенді қылмыстық іс бойынша полицияға шақырылғанын хабарлады


Жандос Сәдуақасов (сол жақта).
Жандос Сәдуақасов (сол жақта).

Қарағанды облысы Ақтас ауылында тұратын белсенді Жандос Сәдуақасов "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іске байланысты полицияға өзін тағы шақырғанын хабарлады. Полиция берген шақыру қағазында қорғауға құқығы бар куәгер ретінде Қарағанды облыстық полиция департаментіне келуге міндетті екені жазылған. Бармаған жағдайда оны күштеп апаруы мүмкін. Бірнеше күн ішінде белсенді осымен үшінші рет полицияға шақыру алып отыр.

—Полицияда маған істің жай-жапсарын түсіндірген жоқ. Маған қатысты арызбен де жөнді танысқан жоқпын. Мені не үшін айыптап отырғаны әзірге түсініксіз. Маған адвокат пен аудармашы тауып берулерін сұрадым, себебі арыз орыс тілінде жазылған, ал мен орыс тілін жөнді білмеймін. Әзірге аудармашы берген жоқ. Қылмыстық істен бөлек маған "жала жабуға" қатысты әкімшілік іс бойынша да шақыру жіберді. Шақыру қағазын жұмыс берушіге не үшін тапсырғаны түсініксіз. Енді сол үшін жұмыста келеңсіздіктер болуы мүмкін, бұладың тілегені де сол сияқты, — деді Азаттыққа Жандос Сәдуақасов.

"Жалған ақпарат тарату" бабы бойынша арыз – полиция департаментіне, "жала жабу" бойынша әкімшілік іс Сарань қаласы полициясына түскен. Белсендінің айтуынша, арыз иесі – "Аманат" партиясы атынан сайланған Сарань қалалық мәслихатының депутаты Гүлнұр Құлқаева. Шағымға Сәдуақасов жариялаған видео түрткі болған. Онда Сәдуақасов өзіне салынған айыппұлға депутаттың қатысы болуы мүмкін деп айтқан. Депутаты мұны "жала" деп бағалаған.

Қарағанды облыстық полиция департаменті Азаттыққа Сәдуақасовтың үстінен арыз түскенін растады. Бірақ істің жай-жапсарын айтудан бас тартты.

Азаттық тілшісі депутат Гүлнұр Қалқаеваға хабарласа алмады.

Сәдуақасовтың айтуынша, барлық мәселе биыл көктемде өткен парламент және мәслихат сайлауы кезінде өзінің сайлау учаскесіндегі бюллетеньдерді топтап салу туралы видео жариялағаннан кейін басталған. Белсенді қалалық мәслихатқа өзін ұсынғанмен өте алмаған. Белсенді дауыс беру нәтижесін жарамсыз деп танып, кінәлілерді жазалауды талап еткен. Бірақ соттан жеңіліп қалған.

Белсендінің айтуынша, сайлау нәтижесін даулауды талап еткеннен кейін туындаған мәселелер өзінің бастамасымен салынып жатқан мешіт құрылысына да әсер еткен. Сол үшін оған айыппұл салған. Жергілікті билік белсендінің күресі мен мешіт құрылысына қатысты мәселе арасында байланыс барын мойындамайды.

XS
SM
MD
LG