Accessibility links

Mediaite: кіші Кеннеди АҚШ президенттігіне өзін ұсынуы мүмкін


Кіші Роберт Кеннеди, 2009 жыл
Кіші Роберт Кеннеди, 2009 жыл

Кіші Роберт Кеннеди тәуелсіз кандидат ретінде АҚШ президенттігіне өзін ұсынбақшы. Бұл жөнінде Mediaite сайты жазды.

Сайттың мәліметінше, саясаткер бұл шешімін 9 қазанда Филадельфияда жариялайды. Жуырда оның командасы YouTube-те видеоролик жариялаған, Кеннеди онда америкалықтарды "маңызды хабарландыру үшін" Филадельфияға шақырған.

Сәуір айында Кеннеди демократтар атынан сайлауға қатысу үшін қазіргі президент Джо Байденмен кандидаттыққа таласатынын мәлімдеген. Алайда кейін "партия Байден кампаниясымен бірігіп кеткендіктен әділ күрес болмайды" деп бұл ойынан бас тартқан.

Америкалықтар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы Байден демократиялық партия атынан түсетін кандидат ретінде Кеннедиден едәуір озып тұрғанын көрсеткен, алайда демократтарға қарағанда республикашылдар Кеннедиге оң көзқараспен қарайтыны айтылған.

Осылайша кіші Роберт Кеннеди тәуелсіз кандидат ретінде – Байденнің де, республикалық партия ұсынуы мүмкін Дональд Трамптың да дауысын тартып алуы мүмкін дейді сарапшылар.

  • Кіші Роберт Кеннеди – 1963 жылы президент кампаниясы кезінде қастандықпен өлтірілген АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Кеннедидің немере інісі, 1968 жылы президент кампаниясы кезінде атып өлтірілген бұрынғы сенатор Роберт Кеннедидің ұлы.
  • Кіші Роберт Кеннеди – радиожүргізуші, заңгер, экобелсенді және вакцинамен байланысты астыртын теорияны тарататын екпеге қарсы қозғалыс жақтаушысы.
  • АҚШ-та президент сайлауы 2024 жылы күзде өтеді.
XS
SM
MD
LG