Accessibility links

Әділет министрі тіркеле алмаған партиялар жөнінде: Біз саяси субъект емеспіз, тек заңды орындау жағына қараймыз


Белсенділер әділет министрлігі өкілдерінен партияны тіркемеу себебін сұрап жатыр. 5 мамыр 2022 жыл.
Белсенділер әділет министрлігі өкілдерінен партияны тіркемеу себебін сұрап жатыр. 5 мамыр 2022 жыл.

Партиялардың тіркеле алмай жатқандығы жөнінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Қазақстан әділет министрі Азамат Есқараев "әділет министрлігі – саяси субъект емес, ол тек заңды орындау жағына назар аударады" деп мәлімдеді.

"Бізде заңдар парламентте қабылданады және заң бәріне ортақ, бізде бір партияға арналып жасалған заң жоқ. Бір заң бар. Тіркеуші орган ретінде саяси субъект емеспіз, сондықтан заңнама талаптарын орындау жағына қараймыз" деді Азамат Есқараев 29 қыркүйек күнгі брифинг кезінде.

Ол тіркеуге талай өтініш беріп, өтініштері кері қайтарылған оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясының жағдайынан "хабардар" екенін айтты.

"Егер заңнама талаптары орындалса, бұл жерде ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын" деді Есқараев.

Құқық қорғаушылардың сөзінше, Қазақстан билігі қарсыластарын қудалап, елде шынайы оппозицияның жолын бөгеп, саяси алаңды қатты қадағалап отыр. Құқық қорғаушылардың есебінше, елде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" ұйымдарына тыйым салынғаннан кейін билік тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының өкілдерін де қудалай бастаған. Тамыз айында билік "Алға, Қазақстан" партиясының тіркеу туралы өтінішін 18-рет қайтарды. Билік "бастама топ берген тізім заң талаптарына сәйкес емес" деп айтқанмен нақты көрсетпеген.

Партиясын тіркете алмай жүргендердің арасында Қытайда қудаланған қазақтардың құқығын қорғаумен айналысатын "Атажұрт" партиясы да бар. Олар әділет министрлігін сотқа берген. Астана соты олардың өтінішін қанағаттандырмады.

Үкімет сыншыларының пікірінше, билік өздеріне адал ұйымдарды ғана тіркейді. Елде тіркелген жеті партиясының ешқайсысы да президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сынамаған. Бұған дейін тіркеу процедурасының алғашқы кезеңінен "Халық дербестігі", "Намыс" және "Байтақ" партиялары өткен.

29 қыркүйекте Азаттықтың сауалына жауап берген әділет министрлігі қазір "YNTYMAQ республикалық партиясын" тіркеу туралы өтініш қаралып жатқанын айтты. Бұл ұйымға президенттіктен үміткер болған Мейрам Қажыкен жетекшілік етеді.

XS
SM
MD
LG