Ресей президенті Украинаның төрт облысының аннексиясына бір жыл толуына орай видеомәлімдеме жасады. Владимир Путин бір жыл бұрын "тарихи және тағдыршешті" оқиға болды деп атап өтіп, Донбасс, Херсон, Запорожье облыстарының тұрғындары "атамекендерін таңдады" деп мәлімдеді.
Путиннің сөзінше, Запорожье және Херсон облыстарында және өздерін республика жариялап алған "ДХР" мен "ЛХР"-да болған референдумдар "халықаралық нормаға сәйкес өткен".
Әлем елдерінің барлығы-дерлік Ресейдің Украина аймақтарын өздеріне қосып алу туралы референдумын мойындаған жоқ.
Бұған дейін Путин 2022 жылы Украинаның төрт аймағының аннексиясын тойлау туралы заңға қол қойған. Ол 30 қыркүйекке белгіленді. Ол күні Ресейде жұрт демалады.
29 қыркүйекте кешке Мәскеуде Қызыл алаңда әскери митинг-концерт өтті. Оған Путин қатысып, сөз сөйлейді деп айтылған. Алайда шараның басталуына бірнеше сағат қалғанда Кремль "президент шараға бармайды" деп мәлімдеді. Ақпарат құралдарының жазуынша, концерттен трансляция жасалмаған, ал федералдық арналар олар туралы бағдарламаларында айтпаған.
- Ресей 2022 жылы күзде Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын өзінің құрамына кіргенін жариялаған. Херсон мен Запорожье облыстарының басым бөлігі, Донецк облысының едәуір бөлігі Мәскеу бақылауында емес. Ал Запорожье облысының орталығы – Запорожье қаласы Киевтің бақылауында.
- Кремльдің баспасөз қызметі 2022 жылы журналистерге жаңа субъектілердің шекарасы туралы сұрақтарға жауап бере алмаған.