Румыния Украинамен шекараға жақын орналасқан елді мекендерге әуе қорғаныс күштерін тартып, қосымша күзет қойды. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Reuters хабарлады.
Бухарест пен НАТО Ресей әскерінің Одесса облысындағы порттарды атқылауы румын территориясын да жанап өте ме деп алаңдайды. Бұған дейін Румыния Измаилдың оңтүстігінен 150 шақырым жерге жүздеген америкалық F-16 жойғыш ұшақтарын орналастырып, Украинамен шекарада ұшуға тыйым салынған аймақты 30 шақырымға дейін кеңейткен.
Reuters дереккөздерінің айтуынша, Румыния аумағына дрондардың құлауы Ресей мен НАТО арасында түсініспеушілік тудырып, Румынияны әскерін нығайтуға мәжбүрлеген.
Румыния қорғаныс министрлігі қыркүйекте аумаққа үш дрон құлағанын хабарлаған. Біреуі Измаилға жақын Дунай жағасындағы Плауру елді мекеніне құлаған. Ол жақта румын әскері бомбадан қорғанатын екі орын салған, ал тұрғындардың телефондарына Румынияға қарай жылжып келе жатқан дрондар туралы хабарлама түседі. Жергілікті билік байланыс нашарлығынан кейде ескерту кеш жететінін айтады.
Румыния президенті Клаус Йоханнис пен НАТО Ресей қасақана шабуыл жасамағанын айтқан, алайда дрондардың құлауы Бухарест үшін үлкен мәселе екенін мойындаған.