1 қазанға қараған түні Ресей әскері Украинаның Херсон облысына 10 авиабомба тастады. Облыстық әскери әкімшілік өкілі Александр Толоконниковтың айтуынша, төрт адам зардап шеккен, бір адам үйінді астында қалған. Оның сөзінше, кейінгі аптада облысқа 166 авиабомба тасталған. Толоконниковтың айтуынша, әуе соққысы жиілегендіктен облыста қираған нысандар көбейген. Әуе бомбасы түскен жерде диаметрі 30-40 метр болатын шұңқыр пайда болады, ал жарылыс толқыны бір шақырым жердегі үйлерді бүлдіреді.
Харьковте кемінде төрт жарылыс болды деп хабарлады, Харьков мэрі Игорь Терехов. Тағы екі жарылыс Запорожьеде болған. Донецк облысы да атқылауға ұшыраған.
Ресей әскері түнде Украинаға 8 ракета және 99 әуе соққысын жасап, дүркіндете ататын реактивті жүйеден 45 рет атқылаған. Азаматтық нысандар да атқыланған, деп жазылған Украина қарулы күштері бас штабының жексенбі күнгі хабарламасында. Бұған қоса, ресейліктер "Шахед" тектес шамамен 40 дрон пайдаланған, 30-ын украин күштері атып түсірген.
- Ресей Украинаны күн сайын атқылап жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі тек әскери нысандарға ғана соққы жасайтынын айтады. Тұрғын үйлер мен азаматтық нысандарды атқылағанын Мәскеу мойындамайды.
ПІКІРЛЕР