Accessibility links

Таулы Қарабақтан Арменияға "соңғы автобус" келген


"Таулы Қарабақтан қоныс аударуға мәжбүр болғандар кейінгі тәулікте күрт азайды, "процесс логикалық соңына жақындады" деп мәлімдеді 1 қазанда Армения премьер-министрінің баспасөз хатшысы Назели Багдасарян.

Мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының омбудсмені Гегам Степанянның сөзінше, жексенбіде Таулы Қарабақтан босқындар мінген соңғы автобус келген. Автобуста 15 адам болған. Оның сөзіше, өз бетімен шыға алмайтын адамдарға еріктілер көмектескен. Степанян Қарабақта қалып қойған, жәрдемге мұқтаж адамдар туралы ақпарат болса, ол жөнінде Қызыл кресттің халықаралық комитетіне хабарласуға шақырды.

Армения билігінің мәліметіне қарағанда, 1 қазан кешке дейін Таулы Қарабақтан 100 514 адам келген.

Ереван санағына қарағанда, биыл жыл басында Таулы Қарабақта 120 мың адам өмір сүрген. Алайда нақты мәлімет жоқ. Мойындалмаған Таулы Қарабақтың бұрынғы өкілдерінің сөзінше, қазір аймақ босап қалған.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтан армяндардың жаппай кеткенін "Әзербайжанның депортациясы, этникалық қуғын-сүргіні" деп бағалаған. Оған жауап берген Әзербайжан сыртқы істер министрлігі әу баста-ақ аймақ тұрғындарын үйлерінде қалып, әзербайжан қоғамымен араласуға шақырғанын мәлімдеген.

Жексенбіде Әзербайжан президенті әкімшілігі Таулы Қарабақта еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен көші-қон қызметі іске кіріскенін мәлімдеді. Олар Қарабақ армяндарының әзербайжан қоғамымен араласуына көмектесуге тиіс деген.

Әзірге Әзербайжан әскерінің аймақ орталығы Ханкенді (Степанакерт) қаласы мен мойындалмаған республика бақылауында болған өзге де елдімекендерге кіргені жөнінде ақпарат жоқ.

Армения билігі Қарабақтан қоныс аударғандарға көмек көрсетіп жатыр. Армения премьер-министрі Никол Пашинян қоныс аударғандардың әрбіріне 250 долларға жуық ақша төлеу, әр адамға айына 100 доллар шамасында беру жөнінде қаулы шығарған. Бағдарлама алты айға есептелген.

  • Таулы Қарабақ — Әзербайжанның халықаралық деңгейде мойындалған жері. Аймақта негізінен армяндар тұрған. 1990 жылдардың басынан бастап Әзербайжан бұл аймақтағы бақылауынан айырылған. 2023 жылы 19 қыркүйекте Әзербайжан өз жерінің тұтастығын қалпына келтіру үшін жаңа әскери операция бастаған. 20 қыркүйекте мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының басшылығы Бакудың шартына көнді. Осыдан соң армяндар жаппай Арменияға кете бастады. 28 қыркүйекте мойындалмаған республиканың құрылымдары өз-өзін тарататынын жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG