Ресейдің Тверь облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды кешен аумағына Иосиф Сталин, Владимир Ленин, Михаил Калинин мен Феликс Дзержинский мүсіндері орнатылған. Мұны жергілікті 7х7 басылымы жазды.
"Медное" деп аталатын мемориалды кешенге 1940 жылы НКВД басқармасы атып тастаған поляк әскери тұтқындары көмілген. Бұған дейін ол жерге соғыс пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш белгі орнатылған.
БАҚ ақпаратына қарағанда, совет жетекшілерінің мүсіндері таяуда мемориал аумағында өтетін әлдебір көрмеге байланысты қойылған. "Медное" директоры Александр Чуносов оны "қисынды және түсінікті әрекет" деп атаған.
Оның "Бұл да бір дәуір. Олардың қуғын сүргінге қатысы жоқ па еді? Қисынсыз не байқап тұрсыздар?" деген сөзін "Подъём" басылымы жариялаған.
Ресейдің "Мемориал" құқық қорғау ұйымының мәліметіне қарағанда, мүсін "Медное" музейі директорының бұйрығымен орнатылған.
- Сталин басқарған кезде СССР-дің миллиондаған адамы жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. Сталин өлген соң көбі қайта ақталды. Сталин атындағы елдімекендер атауы өзгеріп, ескерткіштері алынды. Алайда кейінгі жылдары Ресейдің кейбір қалаларында Сталин ескерткіштері пайда бола бастаған.
ПІКІРЛЕР