Accessibility links

Қазақстан СІМ: Галкин концертінің өтпей қалғанына Ресей елшілігінің қатысы жоқ


Максим Галкин
Максим Галкин

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, Ресей әртісі Максим Галкиннің Қазақстандағы концерті өтпей қалғанына Ресей елшілігінің қатысы жоқ, ол туралы Ресей елшілігі Қазақстан билігіне хат жазбаған.

"Ондай хатты алғаш естіп тұрмын. Ондай хат болған күннің өзінде, концерт өткізу мәселесін мәдениет органдары қарайды. Кімді тыңдағысы келетінін халық өзі шешеді",- дейді Айбек Смадияров.

Ulysmedia басылымының хабарына қарағанда, Ресейдің кейбір әртістерінің, соның ішінде Максим Галкиннің де концертін өткізбеу жөнінде Ресей елшілігі Қазақстан билігіне хат жолдаған дейтін ақпарат әлеуметтік желіде тараған.

Максим Галкиннің Қазақстанға жоспарлаған концерті өтпейтіні 1 қазанда мәлім болған. Галкин шығуға тиіс сахнада аяқ астынан техникалық мәселе пайда болған. Астанадағы "Қазақстан" орталық концерт залының басшылығы 30 қыркүйекте кәріз жөндейтінін, Алматыдағы Республика сарайы сахнаның сынып қалғанын хабарлаған.

2 қазанда Астанадағы "Қазақконцерт" өкілдері Галкиннің концерті басқа күнге белгіленуі мүмкін екенін мәлімдеген.

"Қай күні, қалай жасау керектігі жөнінде ұйымдастырушылармен келіссөз жалғастырып жатырмыз. Ол жөнінде сіздерге айта алмаймын. Жұмыс күні аяқталғанша белгілі болады",- деді Азаттыққа "Қазақконцерттің" қоғаммен байланыс жөніндегі жетекшісі Нұргүл Есенгелді.

"Галкин концертінің өтпей қалғанына саяси себеп болды ма" деген сұраққа "ол жағын білмеймін" деп жауап берді. Алматыдағы Республика сарайының да жауабы осыған ұқсас шықты.

Максим Галкин 8 қазанда Астанада, 9 қазанда Алматыда концерт өткізуді жоспарлаған. Бұған дейін Галкин Қазақстанда концерт өткізуіне "ойдан шығарылған желеумен мемлекеттік деңгейде кедергі жасалып отырғанын" мәлімдеген.

Максим Галкин Ресейдің Украинаға жасаған агрессиясын әлеметтік желіде де, концерттерінде де ашық сынап, Ресейден кетіп қалған. 2022 жылы қыркүйекте Ресей әділет министрлігі оны шетел агенттері тізіміне енгізген.

Қазақстан кейінгі кездері Ресейдің Украинаға агрессиясын қолдайтын әртістердің де концертіне тыйым салып жүр. Лариса Долина, Полина Гагарина, Григорий Лепстің концерттері, соғысты қолдайтын актер Сергей Глушко қатысатын спектакль өтпей қалған. Ресей басып алған Украина жеріне барып концерт қойған "Камызяки" тобының концерті де петициядан кейін тоқтап қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG